Орал қаласындағы Барбастау елді мекенінде интернет сапасы нашар
Балалар көрші ауылдарға барып оқитын. Ал қашықтан оқыту жүйесі енгізілгелі білім алу тіптен қиындап кетті.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
– Барбастау ауылы «Самара-Шымкент» бағытындағы күрежолдың бойында орналасқан. Қаладан не бары 20 шақырымдай қашықтықта жатыр. Мұнда 200-дей шаңырақ бар. Тұрғындардың тұрмыс сапасы жаман емес, алайда балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасалмаған.
Теректі ауданына қарасты бұл ауылда интернет жылдамдығы тым төмен. Сыртта байланыс сәл де болса ұстағанымен, ғимараттарға кірген кезде жоғалып кетеді.
Әсем Отарбаева – 6 баланың анасы. Жеткіншектердің онлайн оқуына жағдай жасау үшін үйге интернет сапасын күшейтетін құрылғы орнатыпты. Алайда одан да пайда болмады.
Айдана Халиолла, мектеп оқушысы:
– Сабақ дейтін түсте болады. Бейнебайланысқа шықпаймыз, өйткені интернет ұстамайды. Сондықтан тек қана тапсырмаларды орындаймыз.
Карантин басталғанға дейін Барбастаудағы балалар жақын маңдағы Жаңаөмір және Юбилейное ауылдарында білім алды. Қазір тек кезекші сыныптарда оқитын жеткіншектер ғана барып жүр. Қалғаны онлайн жүйеге ауыстырылды, алайда бұл тек қағаз жүзінде ғана. Сондықтан ауыл тұрғындары интернет тартумен қатар, мектеп, балабақша салып беруді өтініп отыр.
Рашид Тоқтаров, Барбастау ауылының тұрғыны:
– 15 немерем бар, соның алтауы мектепке барады, қалғаны кішкентай. Балалардың көбін Юбилейное ауылына автобуспен апарады. Соған барғанша автобус қирап, сынып, шашырап қалады. Талай тұрып та қалды. Уайым-қайғы жатқан. Сондықтан мына жерге бір балабақша мен бастауыш мектеп салып берсе дейміз.
Аудан басшылығы Барбастауда интернет сапасын жақсарту бағытында құзырлы басқарма мен операторға ұсыныс жолданғанын жеткізді.
Жанаргүл Құсайынова, Теректі аудандық Білім бөлімінің басшысы:
– Келесі жылдың жоспарына енгіздік. Өзіміздің басшымызға да жеткіздік, айттық. Осы елге тағы бір не вишка, не тағы да бір басқа құралдар, құрылғылар қоямыз деген бағытта жұмыстанамыз.
Ал жаңа мектеп салу әзірге жоспарда жоқ. «Үш елді мекеннің арасы тым жақын болғандықтан, тағы бір білім ордасын салу тиімсіз», – дейді сала басшысы. Ал балабақша келер жылы ашылуы мүмкін. Жобаға қызығушылық танытқан жеке кәсіпкерге жер телімі берілген. Инвестор 100 орындық бөбекжай салуды көздеп отыр.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов