Қостанай облысында құс тұмауынан зардап шеккен елді мекендер өтемақы алу
Онда бір үйдің 1300-ге жуық қаз-үйрегі қырылып қалған еді. Шығын көлемі 4 миллион теңгені еңсерді. Кенеттен келген індеттен бар құсынан айырылған жеке шаруаның қазіргі жай-күйі қалай?
Үш ай бұрын Тасболат осындай жабырқаулы күйде болған еді. Енді ше? Төрт жыл бойғы бар еңбегі еш болып жатса, қалай налымасын. Келіншегі Зухра екеуі қора-қопсы салып, үйрек-қаздарының санын 1300-ге жеткізген. Соның бәрі тосыннан келген келген індеттен әп-сәтте жоқ болды. Лезінше құс өліктері өртеліп, қораларда зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілген. «Өтемақыны да алдық», – деп отыр.
Зухра Руселбаева, Красная пресня ауылының тұрғыны:
– Төлемақы төленді толығымен, құстарды сатып алдық. Қаз 30 шақты алдық, үйрек – 80, сосын тауық алдық. Енді күзге дейін өз қалпына келеді деп ойлаймыз.
Меңдіқара ауданында құс тұмауының жаппай таралуы Красная пресня және Лесной ауылында байқалған еді. Ресми мәлімет бойынша, екі елді мекенде 1430 құстың өлігі жойылған.
Нұржан Нұрғожанов, Ветеринарлық станция басшысының міндетін атқарушы:
– Меңдіқара ауданында құс тұмауынан қырылған қанаттылар үшін өтемақы толық төленді. Красная пресень селолық округы бойынша 7 адамға 3 миллион 679 мың 276 теңге берілді. Ал Лесной ауылының үш тұрғынына 77 мың 145 теңге төленді.
Тасболат пен Зухра осындай қиындыққа тап болса да, алған беттерінен қайтпақ емес. Құс фермасын қайтадан қалпына келтіру жолында тынбай еңбек етіп жүр. Сондай-ақ қосымша кәсіп бастапты. Ауыл халқы үшін олар шағын наубайхана ашқан.
Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг