Ақтөбе облысында жыл басынан 700-ге жуық кәсіпкер тіркелді
Жалпы өңірде 82 мыңнан астам кәсіпкерлік нысан бар. Бірақ олардың ішінде тек 126-ы ғана орта бизнес өкілі.
Ел Президенті өз Жолдауында бұл мәселеге де тоқталып өткен болатын. Үкіметке 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15%-ке жеткізуді тапсырды. Бұл бағытта өңірлерде қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр? Шағын кәсіп иелері бизнес ауқымын кеңейтуге неге құлықсыз?
Бұл медициналық орталық мемлекеттік тапсырысы аясында бүйрек дертіне шалдыққан жандарға қызмет көрсетеді. Емхана Ақтөбемен қатар көрші облыс тұрғындарын да қамтып отыр. Орталық директоры өңірдегі жеке медициналық мекемелер одағының төрағасы. Кәсіпкер: «Әріптестерінің дені орта бизнеске қадам басуға құлықсыз», - дейді.
Жеңіс Алкин, гемодиализ орталығының директоры:
- Орта бизнес ретінде тіркелсе, бірқатар жеңілдіктерден қапы қалады. Мәселен, салық көлемі артады. Корпоротивтік табыс салығы 20 %-ке өседі. Екіншіден, бақылаушы мекемелер тарапынан тексеру де көбейеді. Шағын бизнесте ол жоқ.
Биылғы жылдың алғашқы алты айында өңірлік кәсіпкерлер палатасына бизнес саласы өкілдерінен 69 шағым түскен. Басым көпшілігі мемлекеттік органдар тарапынан көрсетілген түрлі қысымға наразы. Сарапшылар орынсыз тексеру мен заң аясынан тыс есепшотты бұғаттау сияқты келеңсіз кедергілер кәсіпкерліктің дамуына тежеу боп тұрғанын айтады. Қаржы институттарының да шағын және орта бизнес өкілдеріне оңтайлы несие беруге ықылассыздығы да кедергі.
Руслан Күйшінов, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы директорының орынбасары:
- Кәсіпкерліктің дамуына бірінші кезекте несиелердің қолжетімдігі әсер етеді. Жылдық үстемеақысының мөлшері де маңызды. Бұл төлемді мемлекеттің субсидиялауы да маңызды. Және дер кезінде қаржы бөлінуі тиіс. Көп жағдайда жеңілдетілген несие рәсімдеген кәсіпкер жылдық үстемақыны бірнеше ай бойы толықтай өтеуге мәжбүр болып жатады. Сондықтан бұл мәселеге қатысты да заңнамаға өзгерістер енгізу қажет.
Биыл Ақтөбе облысында кәсіпті субсидиялауға мемлекет тарапынан 14 млрд 500 млн теңге бөлінген. Қаржылай қолдаудан бөлек өндіріс орындарына қажетті инфрақұрылымды бюджет есебінен жүргізуге де мүмкіндік бар. Бұл жеңілдіктер шағын бизнеспен қатар орта бизнес өкілдері үшін де қолжетімді. Сондай-ақ жергілікті билік өкілдері кәсіпкерлер мен сарапшылардың басын қосып, жаңа Салық кодексінің жобасына түрлі ұсыныс тізімін де әзірлеп жатыр.
Алмас Салықбаев, кәсіпкерлік басқармасының басшысы:
- Біздер салықтарды біріктіру туралы ұсыныс жасадық. Мәселен, бізде жер салығы мен мүлік салығы, көлік салығы бар. Жеке кәсіпкерлер оларды жеке тұлға ретінде де, заңды тұлға ретінде де төлеуі тиіс. Егер әрқайсысын біріктіріп, ортақ төлем жасауға мүмкіндігі берілсе ыңғайлы болар еді.
Бұл мәселелердің барлығын Үкімет пен Парламент жан-жақты талқылап, жаңа Салық кодексінің жобасын жасақтауы тиіс. Нәтижесінде орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі де артары сөзсіз.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов