Elle журналының қазақстандық нұсқасы жарыққа шықты
Сән, сұлулық, денсаулық тақырыптарын қамтитын әйелдерге арналған Elle журналының 70 процент контенті – қазақстандық.
Әлемнің 60 елінде басылатын жылтырақ журнал енді Қазақстанда шығарылады. Басылымның негізгі аудиториясы – 18 бен 50 жас аралығындағы нәзік жандылар. Француз журналының жаңа нұсқасы Women Elle Love айдарымен толықты. Бірегей айдар тек әйелдерді ғана емес, ер азаматтарды да қамтиды. Elle-дің қазақстандық оқырмандары журналдан шоу-бизнес өкілдерімен сұхбат, сапалы фототүсірілімдер, сән мен сұлулық әлеміндегі соңғы жаңалықтармен таныса алады.
Зарина Маржохова, Elle.com.kz сайтының редакторы:
– Біз Әли Оқапов, Тәуекел Мүсілім сынды танымал азаматтармен сұхбат жасадық. Олар еш жерде айтылмаған, қызықты оқиғаларымен бөлісіп, ой-пікірлерін ортаға салды. Мұндай шынайы сұхбаттар оқырманға танымал тұлғаларды жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді. Журналдағы жаңа дүниелерді elle.com.kz сайтынан қарауға болады.
Қазақстандағы Elle журналында әлемге танымал француздық брендтің өзіндік стилі мен ерекшелігі сақталған. Әсем безендірілген журналдың алғашқы саны брендтің 75 жылдығына арналған. Онда оқырмандар журналдың тарихы мен оның негізін қалаған Элен Гордон-Лазарефф туралы мәліметтермен таныса алады.
Диана Снегина, Partners Media Group pr-директоры:
– Ең ірі баспа үйі саналатын Partners Media Group өз жұмысын 1998 жылы бастаған. Elle – әйелдердің өміріне әсер етіп, ұстанымдарын қалыптастырған сән әлеміндегі көшбасшы басылым. «Егер ол оқыса, тек Elle-ді оқиды», – деген брендтің ұраны өзгермейді.
Еліміздегі Elle журналының бүгінде екі саны жарық көрді. Қазақстандық оқырмандар басылым түрін ғана емес, elle.com.kz сайты арқылы электронды нұсқасын оқи алады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев