Маңғыстау мен Атырау облыстарының арасына санитарлық бекет қойылады
Мұндай шешім Атырау облысының «қызыл аймаққа» енуіне орай қабылданып отыр. Бұл туралы Маңғыстау облысының Бас санитар дәрігері мәлімдеді.
Бекеттен тек көрші облысқа жұмысқа барушы тұрғындар өтеді. Сонымен қатар азық-түлік пен дәрі-дәрмек сияқты әлеуметтік маңызды тауарлар таситын көліктерге рұқсат беріледі.
Жалпы 25 желтоқсаннан бастап Маңғыстауда карантин талаптары күшейтіледі. Себебі вирусты жұқтырған науқастар саны өскен. Осыған байланысты барлық базарлардың жұмысы кешкі 18:00-ге дейін қысқартылады. Сауда, ойын-сауық орталықтары мен кинотеатр жұмысының уақытына да шектеулер қойылады.
Ғазиз Надуев, облыстың Бас санитарлық дәрігері:
– Балаларға арналған шыршалар, корпоративтік кездесулер мен жиындарға қатаң тыйым салынып, бақылауда болады. Және де мына туризм саласындағы қызмет көрсететін қонақүйлер, хостелдар, отельдердің жұмысы бұрын 70-80 процентке шейін рұқсат етілсе, бүгінгі таңда 50 процентке дейін қысқартылады. Және офистік қызметкерлердің, қай сала болсын жұмыскерлердің 70 процентін онлайн режимге көшіру міндеттеледі.