ШҚО-да биыл 1038 көпбалалы отбасына үй берілді
Өңірде 2 мыңға жуық адам үй кезегінде тұр. Тек желтоқсан айында облыста бірнеше көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Ірі қалаларда ғана емес, аудан орталықтарында да жекелеген үйлер салынуда. Мәселен, шалғайдағы Күршім ауданында қазір 10 баспана салынып дайын тұр. Олар Жаңа жыл мерекесіне қарсы осы аудандағы көпбалалы отбасыларға берілмек.
Нұртас Ерланұлы колледж бітірген соң бірден құрылыс саласына жұмысқа тұрды. Жас маман үшін бұл – үлкен жауапкершілік. Құрылыстағы ең негізгі мәселе – сапа. Оған қоса аға буын өкілдерінен әлі де үйренері көп. Қазір жеке үйлер толық салынып болды. Тек ұсақ-түйек жұмыстар мен ауласын реттеу ғана қалды.
Нұртас Ерланұлы, құрылысшы:
– Мына үйдің ең соңғы құрылыстарын істеп жатырмыз. Кіруге дайын тұр. Жақсы сапада салынған. Ең соңғы құрылыстары істеп жатыр.
Күршім ауылында биыл 10 үй салынды. Әрқайсысы – 2 пәтерлі. Нәтижесінде 20 отбасы баспаналы болады. Бұл үйлер түгелдей аудандағы көпбалалы отбасыларға тегін беріледі. Жеке үйлерді салу үшін облыс бюджетінен 350 миллион теңге бөлінді.
Асхат Мұсанов, құрылыс учаскесінің бастығы:
– Сапасы газа блоктан алынған үйлер. Сыртынан жылытылатын өте жылы үй болады. Еден үстінен де жылылық болады. Жаңа нарыққа сәйкес, жаңадан пештер, ақылды пеш салынды. Бір температураны ұстап тұрады.
Ауылда тұратын көпбалалы аналар үшін жаңа үйлерде барлық жағдай жасалған. Жалпы бұл үйлерді салуға 45 адам ала жаздай еңбек етті. Барлығы да – жергілікті тұрғындар. Ал облыста тек биыл көпбалалы және тұрмысы нашар отбасылар үшін екі жүз үй салынып, кілті табыс етілді.
Әсет Сүлейменов, ШҚО Құрылыс басқармасының басшысы:
– Биылғы жылы бюджеттен көпбалалы отбасыларға үй беру мақсатында 5 миллиард 100 миллион теңге бөлінді. Аудандар мен қалаларда 206 үй жаңадан салынып берілді.
Осы жылы облыста 1038 отбасы баспаналы болды. Кезекте әлі де 2 мыңға жуық адам тұр. Дегенмен көпбалалы отбасылардың баспана мәселесі 2022 жылға дейін толық шешімін таппақ.
Авторлары: Олжас Керейхан, Жігер Бабақанов