Хабар телеарнасы

«Интергаз Орталық Азия» АҚ экологиялық рейтингте топ жарды

Елдегі магистральдық газ құбырларының ұлттық операторы дүниежүзілік жабайы табиғат қорының сараптауы бойынша жасалған халықаралық рейтингте осымен екінші жыл алдыңғы шептен көрінді. Компания бұл жетістікке қалай қол жеткізді?

«Интергаз Орталық Азия» компаниясының қоршаған ортаға келтірілетін залалды барынша азайтуға бағытталған жұмысы әлемнің үздік тәжірибесіне негізделген. Бұл экологиялық ақпараттың ашықтығы рейтингісінде айқын көрініс тапты. Ресей, Әзербайжан және қазақстандық мұнай-газ компаниялары арасынан екінші жыл қатарынан көш бастады.

Сәкен Есенболтаев, «Интергаз Орталық Азия» АҚ департаментінің директоры:

- Рейтингте екінші жыл қатарынан жеңіске жету – «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметінің жоғарғы бағасы.

20 мың шақырымдық алып магистральдық газ инфрақұрылымын шашау шығармай басқарып отырған мамандар атмосфераға шығарындыларды азайту үшін жаңа технологиялық тәсілдер қолдануда. Мысалы жөндеу жұмыстары кезінде жылжымалы компрессорлық станциялар пайдаланылады. Газ ауаға таралмайды және айналаға зияны жоқ. Демек, эмиссия үшін экологиялық төлем де қысқарады.

Сәкен Есенболтаев, «Интергаз Орталық Азия» АҚ департаментінің директоры:

- «Интергаз Орталық Азия» қоршаған ортаны сақтау бойынша жасап жатқан жұмыстарының нәтижесінің бәрі өзіміздің сайтымызда көрсетіледі. Ақпарат бүкіл қазақстандыққа ашық. Сайтқа кіріп, керек мәліметті қарауға болады.

Компанияда аң-құсты қорғауға да баса мән беріледі. Мәселен, қанаттыларды тоқ соқпау үшін полимермен қапталған сымдарды қолданады. Ал сайын даланың қу тақыр жерлерінде салынған компрессорлық станциялар мен нысандар жасыл желекке оранған. Экологиялық талап-міндеттерді орындап қана қоймай, халықты көгілдір отынмен қауіпсіз қамтамасыз етуге күш салған компания өз қызметімен Қазақстанның энергетикалық әлеуетін арттыруға сүбелі үлес қосып келеді.

Авторлары: Зайнұр Байжігіт, Нұрлан Малгелдинов