Ақтаудың бүтін бір шағын аудан тұрғындары жылусыз отыр
Баспанаға қызмет көрсетуші серіктестік болса, күнде ертеңмен мәселені созып жүрген көрінеді. Асмик Даниелян – қарашаның қара суығында өз пәтерінде тұра алмаған тұрғынның бірі. Мұздай үйде қалың киініп жүруден шаршаған ол апталап таныс-туысын жағалапты. «Үнемі газ жағып отырайын десем, ескі плитадан иіс шығып, шыдатпайды. Электр пеш қосуға ертең тоққа төлейтін ақшасын ойладым. Кімнен көмек сұрауды білмей, басым қатты», – дейді ол.
Асмик Даниелян, қала тұрғыны:
– Қазір қатты аяз. Далада минус 7-ден аспаса да, пәтерімде 15 градус нөлден төмен тұрғандай сезінемін. Бұл үйге қызмет көрсететін серіктестік бізге журналистер келерін біліп қойған сияқты. Таңертеңнен бері батареялар аздап жылынды. Бірақ жеңіл киіммен жүруге әлі ерте. Қазір де тоңып отырмын.
Үй-ішінің суықтығын біз де сезіндік. Түсірілім аяқталғанша аяғымыз тоңып қалды. Көршілес үйде де дәл осындай мәселе. Тұрғындар баспана күтіміне жауапты серіктестік кеңсесінің табалдырығын тоздырған. Олар естіп, құлағы үйренген сөздері «мәселе жиналыстан соң шешіледіні» диспетчер телефон арқылы бізге де қайталап шықты.
Ақтауды жылу, кәріз және су құбырларымен бір ғана мемлекеттік кәсіпорын жабдықтайды. Жыл сайын қайталанатын осы мәселенің неден туындайтынын сұрап хабарластық. Мамандар көп жағдайда пәтердегі жылу жүйесін жаңалау кезінде өрескел қателіктер жіберілетінін айтады. Мәселен, құбырларды ауыстыру кезінде олардың бастапқы диаметрін сақтау ескеріле бермейді.
Евгений Бречалов, Коммуналдық кәсіпорынның бас инженерінің орынбасары:
– Үй-ішіндегі жылыту жүйесін өзгертуді қалаған азамат өзіне бейтаныс сантехникті жалдайды. Ол келеді де диаметрі 25 миллиметрлік темір құбырды пластик құбырға ауыстырады. Ал оның ішкі диаметріне назар аудармайды. Салдарынан қысым төмендеп, пәтерді жылытуға күші жетпейді. Ал жоғары қабаттарға жылу мүлдем бармайды десек те болады.
Тағы бір түсінгеніміз, бөлме мен балкон арасындағы қабырғаны алып тастау арқылы кеңейтіп алған азаматтың кесірі көршісіне тиеді. Көлемі ұлғайған бөлмеге әдеттегідей 6 бөліктен тұратын емес, одан екі есе көп 10-15 бөліктен тұратын жылыту жүйесі орнатылады. Бұл өзгерісті алдымен заңдастыру қажет. «Пәтер иесі осы үйге қызмет көрсетуші серіктестікпен алдын ала келісу арқылы осындай әрекетке баруы бүкіл қаланың жылу жүйесіне нұқсан келтіреді. Сондықтан заңмен тыйым салынбаса, мәселе шешілмейді», – дейді коммуналдық сала мамандары.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев