Қостанай облысы Қарамеңді кентінде он жылда көппәтерлі бес үй салынды
Ондағы 18 пәтер кезекте тұрғандарға, тұрмыс жағдайлары төмен отбасыларына, бюджеттік мекеме қызметкерлеріне берілді. Сонымен қатар жоспар бойынша мемлекеттік бағдарламамен келер жылы 20 отбасы баспана кілтін қолына алады.
Ауылдың от жағып, күл шығару, су тасу сияқты күнделікті күйбең тірлігінен құтылған Бақыткүл әжейдің қуанышын әбден түсінуге болады. Науырзым ауданының орталығы Қарамеңді кентінде жаңадан салынған екі қабатты үйдің бір пәтері осы Асылбековтер отбасына бұйырған еді. Үш бөлмелі үйде қос қария кенже ұлымен тұрады.
Сапабек Асылбеков, Қарамеңді кентінің тұрғыны:
- Бәрі жақсы. Қуанышта шек жоқ. Үкімет беріп тұрған соң, бала жұмыс істеп жатқан соң, қазір бәрі жақсы. Енді алдағы уақытта келін болса, одан артық ештеңе жоқ.
Бұл екі қабатты үй бірнеше жылдан бері қаңырап бос тұрған. Есік терезесі үңірейіп, құр қаңқасы қалған. «Еңбекпен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша оны қалпына келтіру жұмыстары осы жаз айларында басталды. Бас-аяғы 4 – 5 айдың ішінде барлығы жаңартылып, үй жаңа кейіпке еніп қана қойған жоқ, ауласы толық абаттандырылды. Оның бәріне облыстық бюджеттен 107,5 млн тенге жұмсалды. Соңғы он жылдың ішінде Қарамеңдіде салынған бұл – бесінші көппәтерлі үй.
Қойшыбай Иманмағзұмов, Науырзым аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы:
- Үш 18 пәтерлі, бір 22 пәтерлі, бір 8 пәтерлі үй берілді. Келесі жылға тағы 18 пәтерлі үйдің құжатын жасайын деп жатырмыз. Бәрі жақсы болса, халыққа тапсырамыз.
Науырзым ауданында 60 шақты адам баспана кезегінде тұр. Жоспар бойынша мемлекеттік бағдарламамен келер жылы тағы 20 отбасы қоныстойын тойлауға тиіс.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг