Биыл жілік майын ауыстырудың 27 операциясы жасалды
Елордада биыл карантинге қарамастан, осындай 27 операция жасалған. Бұл санды екі есеге дейін арттыруға болады. Оған қажетті медициналық мекеме де, маман да жеткілікті. Басты кедергі – жілік майын ерікті түрде тапсыруға ниеттілердің аздығы. Қазір арнайы реестрде ондай 6 мың адам бар екен. Бірақ олардың сынамасы науқастың көрсеткішіне үнемі сәйкес келе бермейді. Дәрігерлердің айтуынша, осы тізімдегі азаматтар санын 100 мыңға дейін жеткізу қажет.
Даир Нұрғалиев, медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты дәрігер:
– Екінші жол – донорды шетелден алдыру. Бұл бойынша сырттағы әріптестерімізбен байланыс орнатылған. Бірақ оны дайындайтын медициналық орталық сынаманы жеткізетін маманға ақша төлеу қажет. Ондай донор табылған кезде шығынды кейде қайырымдылық ұйымдары өтейді. Енді мемлекет тарапынан да осындай қолдау арнайы жолға қойса деген ұсынысымыз бар.