Шымкентте сегіз жыл бұрын ұшақ апаты болған жерге ескерткіш тас қойылды
27 әскеридің өмірін қиған қайғылы оқиға осыдан сегіз жыл бұрын болған еді. Құлпытасқа қаза болған шекарашылардың аты-жөні жазылды. Іс-шараға «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының ардагер-шекарашылары қайтыс болған әскерилердің туған-туыстары мен дін өкілдері қатысты. Айта кетейік, 2012 жылдың 25 желтоқсаны күні елордадан ұшып шыққан Шекара қызметінің АН-72 әскери ұшағы Шымкент қаласының маңында апатқа ұшырап, 27 әскери қаза тапқан болатын.
Мадияр Жұмаділов, ҚР ҰҚК Шекара қызметі ТО бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы:
- Бұл шынында да еліміз үшін үлкен қайғылы оқиға болды. Біз өз ісінің шеберлері мен кәсіби мамандарымыздан айырылып қалдық. Қайғылы қазаға ұшыраған әріптестеріміздің әрбірі ерекше ісімен Отанымызға қызмет етіп жүрген нағыз батырлары болатын.