Биыл Ақтөбеде 400 көпбалалы отбасы баспаналы болды
Мұқтаж азаматтарға үйлер мемлекеттік қордан үлестіріліп жатыр. Жалпы жыл басынан бері облыс орталығында әлеуметтік санаттағы отбасылар үшін 1362 пәтер қолданысқа берілген.
Қарлығаш Садықова пәтер кезегінде он жыл бойы тұрған. Алты баланың анасы: «Айлығымыз шайлығымыздан аспағандықтан, баспана алуға мүмкіндік болмады», – дейді. Сондықтан көпбалалы отбасы мемлекеттік қордағы үйлердің бірінен үмітті болғанын жасырмайды. Биылғы Жаңа жыл қарсаңында көптен күткен арманы жүзеге асып, үш бөлмелі пәтердің иесі атанды.
Қарлығаш Садықова, қала тұрғыны:
- Бұған дейін біз саяжайда тұрдық. От жағып отырдық. Алты балам бар. Құдайға шүкір, міне, үй алып, қуанышымыз қойнымызға сыймай жатыр. Көп-көп рахмет. Жаңа жыл барлығымызға қуаныш әкелсін!
Қарлығаш Садықовамен қатар 60 отбасына жаңа пәтерлердің кілті үлестірілді. Барлығы да баспанаға мұқтаждардың тізіміне ілінгендер. Айта кету керек, жыл басынан бері Ақтөбе қаласында әлеуметтік әлжуаз мың отбасына үй берілген болатын. Олардың ішінде көпбалалы аналар ерекше назарда.
Жандос Әлімов, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:
- Бізде 2000 көпбалалы ана кезекте тұр. Соның 400-іне осы жылы үй берілді. Бұл – «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатқан іс-шара.
Қазір Ақтөбеде 24 мыңнан астам азамат мемлекет қорынан берілетін пәтерге үміткер ретінде кезекке тіркелген. Сондықтан мұқтаж жандарға жалдамалы баспанадан өзге де мемлекеттік бағдарламалар да ұсынылады. Мәселен, «Бақытты отбасы» жобасы аясында биыл ақтөбелік 302 жан өтініш білдірсе, 276 отбасы баспаналы болды.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков