COVID-пен күрескен медицина қызметкерлеріне 4 млрд теңгеге жуық үстемақы төленді
Әсіресе, алдыңғы шепте жүргендерге өте ауыр болды. Осы еңбек ескеріліп, еленіп медицина қызметкерлеріне үстемақы төленіп жатыр. Мысалы, Ақмола облысының 4000-нан астам дәрігеріне 4 млрд теңгеге жуық үстемақы төленіпті. Осы қаржылық көмек қауіптілік деңгейіне байланысты инфекциялық стационарда жұмыс істегендерге, мобильді топ мүшелеріне және жедел жәрдем қызметкерлеріне берілді. Оның арасында бұдан өзге де мамандар бар, әрине.
Салтанат Құсманова – коронавирустың алғашқы соққысына төтеп берген медицина мамандарының бірі. Ол Көкшетау қалалық ауруханасында қауіпті індетке шалдыққандарды қабылдай жүріп, өзі де вирус жұқтырып алды. Алайда емделіп, қайтадан қатарға қосылды. Қазір аталған аурумен күресуге атсалысып келеді.
Салтанат Құсманова, қалалық ауруханадағы қабылдау бөлімінің аға медбикесі:
- Шілде айында көп науқас болғаннан бастап біздің өзімізде де қорқыныш басталды. Өзіміз үшін ғана емес, өзіміздің туысқандарымыз үшін де уайымдадық. Осы мамандықты таңдағаннан кейін жұмыс істеуге бел будық. Бірақ сол қиындықтың қайтарымы болды. Екінші санатта жұмыс істедік.
Салтанат секілді қызмет бабында коронавирус жұқтырған мамандар мемлекеттен 2 млн теңгеден қаржылай көмек алды. Ал бірінші санатта жұмыс істеген дәрігерлердің еңбекақысына 850 мың теңге, екінші топтағыларға 425 мың теңгеге дейін, ал кіші медициналық персонал, яғни жедел жәрдем жүргізушілері, тазалықшы және басқа да қызметкерлерге 200 мың теңгеге дейін үстемақы қосылды.
Әсел Қалдыбаева, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Олардан бөлек жергілікті бюджет есебінен 80,5 млн теңге бөлінді. Бұл жедел жәрдем қызметкерлеріне, Аршалы мен облыстық фтизиопульмонологиядан, онда инфекциялық стационар болды, сол қызметкерлерді материалдық қолдауға ақша бөлінді.
Оған қоса 2020 жылы Ақмола облысының ауылдарына жұмыс істеуге келген жас дәрігерлерге облыстық бюджет есебінен 1 млн теңгеден көмек берілді. Ал ендігі жерде тек ауыл-аймақтарға ғана емес, қаланың емдеу мекемелеріне қызметке орналасқан жас медицина мамандарына да осындай қолдау көрсетілмек.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко