Атырау облысындағы Қызылқоға ауданында ауызсу тапшылғы сезіліп отыр
Жағдайдың ушыққаны соншалықты, жазда бұл ауылдарға ауызсудың өзі кестемен беріледі.
Негізгі табысын малдан айырып отырған ауыл тұрғындары үшін бұл – үлкен мәселе. Жаңбырбаевтар отбасында сауынға арналған алты сиыр бағымда тұр. Артық мал ұстауға су жетпейді. Тіпті ауызсудың өзі сағаттап беріледі.
Махамбет Асқарұлы, Миялы ауылының тұрғыны:
- Күндегі тірлігіміз осы. Сиырларды күніне бір рет суарамыз. Олар күніне алты шелек су ішеді. Қойлар қырда. Оларды су жетпегендіктен, алмаймыз.
Бастауын Мұғалжар тауынан алатын Ойыл өзенінің тасымай қалғанына биыл екі жыл. Бұрын көлтабаннан шөп шауып, өзен суын мал мен бақшаға пайдалынып келгендер сансырап қалған. Жаз айларында өлшеп берген су бүркуге жетпейді.
Жаңбырбай Ақтаев, су шаруашылығының ардагері:
- Суды тізіммен беретін болды. Жазда таңертең береді де, кешке дейін тоқтатып қояды. Тайсойғаннан төрт ұңғыма қазады деп естіп едік. Соның суы жақсы, ауызсу қоры көп дейді.
Бұған дейін Миялы мен Жангелдин селоларын ауызсумен қамтып келген «Қарасу» су торабының қоры да таусылуға таяған. Бұрын екі ауылды алты ұңғыма тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін. Қазір оның екеуі судың сарқылуына байланысты істен шыққан.
Ерболат Иғали, аудандық ТКШ бөлімінің басшысы:
- Төрт ұңғыма суы Миялы, Женгелдин халқына жетпей отыр. Жаз мезгілінде аудан халқы суды көп мөлшерде пайдалануда. Бұл Қарасу учаскесі 2026 жылға дейін берілген.
Климаты қатал, жазының өзі сегіз айға созылатын аудан үшін су мәселесі күрделі күйінде қалып отыр.
Нұрсұлтан Бисембиев, Қызылқоға ауданының әкімі:
- Мамырдан бастап күздің алғашқы айларына дейін суды сағаттап беріп келген болатынбыз. Қазіргі таңда осы мәселені шешу бағытында «Тайсойған – Миялы» топтық су құбырын тарту үшін жобалық сметалық құжаттама жасақталып жатыр.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Ұзындығы 50 шақырымнан асатын «Тайсойған – Миялы» су құбырының құрылысы осы жылы басталып, жылдың аяғына дейін аяқталуы тиіс. Сол кезде он мыңнан астам тұрғыны бар Миялы, Жангелдин селоларының тұрғындары ауызсумен толықтай қамтылатын болады.
Тайсойған су қоры негізінен Ойыл өзені суымен қорекетенеді. Соңғы екі жыл қатарынан болған құрғақшылық малды да, жанды да қинап жіберді. Ендігі үміт көршілес Ақтөбе облысынан бастау алатын Тайсойғанда.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов