Мұнайлы өңір малшылары жем-шөптен тарығып отыр
Салдарынан Индер, Махамбет, Жылыой және Мақат аудандарының шаруалары қажетті азық қорын жасақтай алмай отыр. Трансшекаралық Жайық өзенін айтпағанның өзінде бастауын Орал таулары мен Ақтөбеден алатын Ойыл, Жем өзендеріндегі су көлемі күткен межеден екі есе кем.
Біз аралап көрген Қарабау ауылындағы мына шағын шаруашылықта 100-ден астам ірі қара мен 150-дей жылқы және 1300 дей ұсақ мал бар. Бұл шаруашылық Қызылқоға ауданына қарасты. Мал басын мыңғыртып көбейтуге болады. Тек шабындық пен жайылым тапшы. Себебі негізгі тірлігі Ойыл өзеніне тәуелді шаруашылықтар малға азық таппай аласұруда.
Нартай Амандықұлы, шаруа:
– Биыл 3 трактормен 2000-дай рулон дайындадық. Оның жартысын қыстаққа түсірдік, өзіміздің малға. Жартысын көрші ауылдарға жері жоқ болғасын бердік. Бұрынғы жылдары 5-6 мың рулон шығаратын едік. Қазір жер мәселесі қиын болып тұр. Ауа райына, қар жаумауына байланысты қуаңшылық болып тұр, су келмейді.
Биыл Қызылқоға ауданындағы 300 мың ірі қара мен 136 мыңдай ұсақ малға 93 мың тоннадан астам азық дайындалған. Бұдан бөлек, былтырдан қалған 30 мың тонна шөп қоры бар. Дегенмен ежелден ауылы аралас, қойы қоралас аудан көршілерді де жем-шөппен қамтуды ұмытпапты. Құрғақшылыққа байланысты жергілікті биліктің ұйғарымымен аудан 13 мың гектар шабындығын Жылыой, Индер аудандарымен бөлісті. Олар 2300 тоннадай мал азығын дайындап алған. Облыстағы жағдайдың күрделі екенін ескерген Ауылшаруашылығы министрлігі дайындалған мал азығының басым бөлігіне субсидия төлеуді қолға алды.
Әділет Шаймардан, Кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
– АШМ қаулысы бойынша мал азығын дайындауға кеткен шығын субсидияланды. Оған 60 шаруа қожалығы қатысты. Оларға мал басына сәйкес субсидия төленді. Ойыл өзенінің тасымауына байланысты соңғы 2 жылда үлкен күрделі мәселеге айналып отыр. Қазіргі көрші Ақтөбе облысымен республикалық деңгейде шешілуі керек.
Мұнайлы өңірді құрғақшылық жайлағалы үшінші жыл. Биыл да Қызылқоға ауданынан басқа өңірге қар түспеген. Облысқа қарасты 7 ауданның ішінде тек Құрманғазы ауданы ғана өзіне керекті мал азығын жинап алды. Қалғандары тек мемлекеттің көмегіне иек артуға мәжбүр. Енді Жайық өзенін жайлаған Индер, Махамбет, Исатай аудандарының шаруалары еларалық келісімнен үміт күтеді.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов