Ақтөбе облысында былтыр 54 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды
Тек «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы өңірдегі 13 мыңға жуық азамат жалақымен қамтамасыз етілді. Мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрақты табыс көзін тапты.
Нұрлыбек Сейілхановтың қол арбаға таңылып, балдаққа сүйенгеніне бірнеше жыл болған. Омыртқасынан жарық тапқан дәрігерлер «еңбекке жарамсыз» деген анықтама беріпті. Алайда бұл шешіммен келіспеген жас жігіт нәпақа табудың ретін іздейді. Компьютер тілін игеріп, қазір облыстық мүгедектер қоғамының сарапшысы атанды.
Нұрлыбек Сейілханов, облыстық мүгедектер қоғамының сарапшысы:
- Көпшілік ортада адам ашылады. Ауырған адам бір іспен айналысса, ол ауруын ұмытып кетеді. Мына ортаға келгелі бері бұрынғымнан әлдеқайда жақсымын.
Өткен жылы Ақтөбе облысында мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналастырылса, 15 маманға арнаулы жұмыс орны даярланған. Бұл мақсатта бюджеттен 7 млн 200 мың теңге бөлінді. Бірақ нарықтың сұранысына сәйкес бірінші кезекте кез келген жұмысшының біліктілігі бағаланады.
Гүлмирам Сражова, облыстық мүгедектер қоғамының жетекшісі:
- Мүгедек адамды біз жұмысқа орналастыруға мүдделіміз. Ал мүгедек адамның жұмыс істеуге қабілеттілігі болып, яғни тек қана тілегі емес, сонымен қатар ол бәсекеге қабілетті маман екенін дәлелдеуі керек.
Бірінші кезекте «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы тиімділігін көрсетті. Ақтөбе облысы бойынша 300-ден астам жоба жүзеге асырылып, 12 мың адам жұмысқа орналасқан. Жалпы салалық 12 бағдарлама аясында 54 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Бұлбұл Елеусінова, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
- Хромтау ауданында осындай үлкен ауыл шаруашылығы өндірісі саласында 200-ге тарта тұрақты жұмыс орны ашылды. Мысалы көкөніс өсіретін арнайы теплицаларда жүз орыннан астам тұрақты жұмыс орны ашылып, ол жердегі еңбекақы көлемі 130 бен 150 мың теңгені құрады.
Әлемдік пандемияның еңбек нарығына әсер еткені ақиқат. Дегенмен, ел үкіметі қолға алған шаралар жаппай жұмыссыздықтың алдын алуға мүмкіндік берді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков