Түркістан облысында 1 млн-нан астам сайлаушы дауыс береді
Қазірдің өзінде өңірде ауа температурасы -10 градустан төмен. Бірақ соған қарамастан, таң атқалы бері жергілікті жердегі сайлау учаскесінде халық белсенділігі байқалады.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Дауыс беру басталғалы да екі сағаттан асты. Қазір біз Түркістан қаласындағы сайлаушылары ең көп Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғимаратында орналасқан сайлау учаскесінде тұрмыз. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес барлық сайлау учаскесінде карантиндік талаптар барынша қатаң сақталуы талап етіледі. Мұнда дәрігерлер сайлаушыларды кіреберістен күтіп алып, ішке ыстығын тексеріп, кезекпен кіргізуде. Санитарлық талаптардың сақталуы, ең алдымен, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін. Бетпердесін үйінде қалдырып кеткен кей тұрғынға тегін маска таратылып жатқанын байқадық. Таң енді атқандықтан, халық әлі көп жинала қойған жоқ. Дегенмен ертерек келіп, өз болашағы үшін таңдау жасап, дауыс беріп жатқан азаматтардың белсенділігі қуантады. Алайда байқаушылардың болжауынша, түске дейін халықтың басым бөлігі дауыс беріп үлгереді. Сонымен қатар өмірінде алғаш рет саяси науқанға қатысып, өз таңдауын жасап жатқан жастар да бар.
Айбол Сексенбаев, Түркістан қаласының тұрғыны:
- Бұл – алғаш рет дауыс беруім. Өзім 18-ге енді толғанмын. Өзімнің мемлекетім үшін қазіргі таңда кішкентай болса да бір үлес қосқаныма қуаныштымын. Өзім қатарлы жалынды жастардың сайлауға келіп, дауыс беретініне сенімдімін. Болашақтың негізі – жастар.
Түркістан облысында барлығы 911 сайлау учаскесі ашылып, жұмыс істеп жатыр. Миллионнан астам тұрғын дауыс беріп, өз таңдауын жасайды деп күтілуде. Сайлаушылардың ең көбі Сайрам ауданында тіркелген. Мұнда 130 мыңнан астам тұрғын дауыс беруге ниет танытқан. Ал облыс орталығы Түркістан қаласында 110 мыңға жуық сайлаушы дауыс бермек. Айта кетейік, өңірде 12 шетелдік байқаушы сайлаудың әділ өтуін бақылап отыр.