Ковидке қатысты жаңа дерек жарияланды
Тіпті отандық вакцина наурыз айында халыққа егіле бастайды деген ресми мәлімдеме де тарады. Қазір ел арасында ақпаратпен қатар дақпырт та желдей есіп жүр.
Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде арнайы брифинг өткізіп, ковидке қатысты жаңа дерек жариялады.
Индира Жылқайдарова, тілші:
– Аурудың таралу екпіні күзде сәл баяулаған болатын. Бірақ арқаны кеңге салатын уақыт әлі алыста. Бүгінгі брифингте Денсаулық сақтау министрінің орынбасары жариялаған дерек бойынша елімізде барлығы науқас саны 164 мыңнан асқан. Оның бүгінде 87 проценті, яғни 150 мыңнан астам адам сауыққан. Дәл қазір 6 мыңдай қазақстандық ауруханаларда ем алуда, ал 357 науқас жансақтау бөлімінде жатыр.
Ерлан Қиясов, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер:
– Соңғы айда коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы байқалып отыр. Қазақстан Республикасы «жасыл аймақтан» «сары аймаққа» ауысты. «Сары аймақтан» «қызыл аймаққа» Қостанай және Ақмола облыстары ауыстырылды. Қазіргі таңда «сары аймақта» Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Атырау облыстары бар.
Әуел бастан халық арасында екпе жайлы екіұдай пікір тарады. Бәзбіреулер: «Чип тағып, әр адамды жеке-дара бақылауға алады», – деді. Тіпті әлеуметтік желіде мынадай денесі бөртіп кеткен қызылшақа сәбидің суреті таратылып, «Бұл ковидке қарсы вакцинаның салдары», – деп үрейлендірді. Кейіннен арнайы мекемелер фотоның екі жыл бұрын жасалғанын анықтады.
Министрлік қауесеттерге көңіл бөлмеуге шақырады. Ал бастысы, жағдайды ушықтырып алмас үшін той-томалақ, қыдырысты азайтып, сақтану шараларын күшейтсек деген ой айтты. Аурудың беті әлі қайтқан жоқ.
Авторы: Индира Жылқайдарова