Қордайда отандық иммундық препараттар шығаратын зауыт салынып жатыр
Мұны Президенттің қабылдауында болған кезде Жамбыл облысының әкімі айтты. Бердібек Сапарбаев коронавирустың келесі толқынына дайындықты баяндады. Облыста вирус жұқтырғандар үшін 4,5 мың және жансақтау бөлімдерінде 468 төсек орын дайындалған. Дәрі-дәрмектің екі айлық қоры бар. Қажет болған жағдайда қосымша жеті мыңдай медицина қызметкері жұмысқа тартылады. Ал Қордайда жағдай тұрақты. Былтыр бұл аймақта тұрғын үй, жол, білім беру, медицина, мәдениет және спорт салалары бойынша жалпы құны 35 млрд теңгеден асатын 392 жоба жүзеге асқан. Аудандағы 22 елді мекенге газ тартылып, халық ауызсумен қамтамасыз етілді. 391 шақырым жол және 360 пәтерлік бес тұрғын үй салынды. Жалпы облыс экономикасының өсімі былтыр 102,2% жетіп, негізгі капиталдың инвестициясы 344 млрд теңгеден асқан. Мемлекет басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша облыс әкімінің жұмысына оң баға берді. Сөйтіп Бердібек Сапарбаевқа эпидемиялық ахуалды бақылауда ұстауды, инвестиция тартып, халықты жұмыспен қамтудың жол картасын тиімді жүзеге асыруды тапсырды.