Шектік бағаны белгілеу дәрі тапшылығын туғызуы мүмкін бе?
Бірақ дәл қазір осы дәріханалар, нақтырақ бір дәріхананың өзі 300 млн теңгеден қағылуы мүмкін. Мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің ертеңнен бастап күшіне енетін жаңа бұйрығында.
Себебі құжатқа сай дәріханалар коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмекті белгіленген бағадан қымбат сатпауы тиіс. Мысалы, парацетамолдың шектік құны 70 теңге болса, дәл сол күйінде тұтынушыға саудалануы керек. Бұл жағдайда минусқа кіреміз деген фармацевтердің жағдайы қалай болмақ? Препарат тапшылығына тап болмаймыз ба?
Зайнұр Байжігіт, тілші:
- Ертеңнен бастап, яғни 21 желтоқсаннан елімізде коронавирусқа қарсы қолданылатын дәрілердің бағасы 27% арзандауы тиіс. Тізімге 200-ден астам медициналық препараттың түрі енгізілген. Бұл қазақстандықтар үшін ақжолтай жаңалық болғанымен, дәрі-дәрмектің нарығын реттеуде кедергілер бар болып шықты.
Осылайша Қазақстанның дәріхана иелері: «Бастамашыл тобы арзан дәрі-дәрмек үшін шығынға жұмыс істемейміз», – дейді. Тіпті Денсаулық сақтау министрлігінің баға саясатына араласуын өздеріне жасалған қысымға балап отыр.
Талғат Омаров, Қазақстанның дәріхана иелері бастамашыл тобының жетекшісі:
- Неге бес мыңдық препаратты бөлшек компаниядан 4600 теңгеге алып, 3641 теңгеге сатуымыз керек? Мың теңгеге минусқа кіремін. Сондықтан мен сатпаймын. Егер мен сияқты бүкіл дәріхана сатпай қойса, ертең халыққа жетпей қалу қаупі бар.
Жарты жылдың өзінде елордада 600 дәріхананың үшеуі біржолата жабылған. Енді қалғаны құрдымға кете ме деп алаңдаулы. Сондықтан фармацевтер: «Елімізде эпидемиологиялық ахуал қайта ушығып жатқан сәтте дәрі-дәрмек тапшылығы туындамасын», – десе, министрлік «тез арада тиісті құжат қабылдап, салаға қолдау көрсетуі тиіс» деген пікірде.
Андрей Клименко, дәріхана иесі:
- Біз дәрі-дәрмекті баға шарықтап тұрған кезде сатып алғанбыз. Ол кезде препараттардың құнын ешкім реттеген жоқ. Оны біз аспаннан ойлап тапқан жоқпыз. Ал тексеруге келген мониторингтік топтар бізге үстінен бір теңге пайда көргеніміз үшін қомақты айыппұл салды.
Зайнұр Байжігіт, тілші:
- Жауапты орган өкілдері коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмектердің бағасын арзандату туралы шешім қабылдамас бұрын препараттардың шекті бағаларын қалыптастыру тәртібіне экономикалық талдау жүргізген екен. Десе де, Денсаулық сақтау министрлігі дәріхана иелерімен мәселені қалай шешетіні белгісіз. Жауапты ведомство өкілдері арнамыздың бұл сауалына әзірге ешқандай жауап қайтарған жоқ.
Авторлары: Зайнұр Байжігіт, Айбын Құсанбеков