Екпе алу үшін алдын ала жазылу керек
Сынақтардан өтіп, оң нәтиже көрсетсе QazCovidIn-ді салдырамын деп отырған тек Мемлекет басшысы ғана емес, отандық сарапшылар да дәл осы екпеге назар аударып отыр.
Коронавирустың кез келген түрімен ауырған адам араға 6 ай салып қана екпе алуы тиіс. Мамандар вакцина алардың алдында карантин режимін сақтау керектігін айтады. Өйткені адамның ең алдымен дені сау болуы тиіс. Екпе алып болған соң ол айналасына еш қауіп төндірмейді, өйткені вакцинаның құрамына инфекция енгізілмеген. Сондықтан оқшауланудың қажеті жоқ. Аяғы ауыр немесе жөргекте баласы бар әйелдерге, аллергиясы, созылмалы аурумен ауратындарға, 18 жасқа дейінгілер мен 65 жастан асқандарға екпе салынбайды.
Жалпы екпені салдыру әркімнің өз еркіндегі шаруа. Яғни мәжбүрлеу жоқ. Вакцина алатын адам жазбаша келісімін береді. Бас тартқан адам да жазбаша растауы керек.
Нұршай Әзімбаева, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:
– Екпе алу үшін алдын ала жазылу керек. Өйткені вакцинаның 1 флаконы 5 адамға арналған. Флакон ашылғаннан кейін оны бөлме температурасында 2 сағат қана сақтауға болады. Сондықтан осы уақыт аралығында 5 адам бірінен кейін бірі вакцина алып үлгеруі керек. Олар жарты сағаттай дәрігердің бақылауда болады. Вакцина медицина мекемелеріндегі жалпыға ортақ екпе кабинеттерінде салынады.
Еліміздегі Биологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ұлттық ғылыми институт бұған дейін вакцинаның бірнеше түрін жасап шыққан болатын. Оның ішіндегі QazCovid-іn қана өзінің тиімділігін көрсетті. Қазақстандық вакцина қазір клиникалық сынақтың 3-ші фазасынан өтіп жатыр. Осы жылдың екінші тоқсанында дайын болады. Ал оған дейін сынақтан өткен ресейлік «Спутник V» вакцинасы салынады. Аталған вакцинаны жасап шыққан Гамалея ғылыми зерттеу орталығының мамандары екпенің эпидемиологогиялық тиімділігі 91 процент болады деп отыр. Десе де мамандар алғашқы үш күнде препараттан кейінгі реакциялар болатынын айтады.
Александр Гинцбург, Гамалея ғылыми-зерттеу орталығының директоры:
– Бұлшықеттің ауруы, дене қызуының көтерілуі, бас ауруы секілді белгілер байқалуы мүмкін. Егер адам дене қызуының көтерілгенін сезінсе, парацетомол таблеткасын қолдануына болады. Жалпы мұндай белгілер осы күнге дейін екпе алған жандардың 15-16 процентінен байқалды.