Қостанай облысының шаруалары дәнді дақылды жинайтын техникадан тарылып отыр
Мерзімінен асты деген сөз, ол бірнеше рет жөнделіп, бірнеше мәрте қираған көлік деп түсінсек артық емес, қымбатты. Ендеше, техника неге жаңартылмай отыр?
Мағауия Қалиев, тілші:
– Мынау – машина трактор шеберханасы. Мұнда негізінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Көктемгі дала жұмыстарына дейін шеберханадан 30-дан астам түрлі техника жөнделіп шығады екен. Олардың арасында ескі техникалар да жоқ емес. Мысалы, мынау Кировец тракторы заводтан 30 жыл бұрын шыққан. Бірақ әлі күнге дейін жергілікті шеберлердің арқасында жұмысқа жарамды.
Кәнігі механизатор Виктор Замула бәлен жыл бұрын тізгіндеген тракторының жағдайына әбден қанық. Талай рет өзі бөлшектеп, жинаған. Бірақ қанша дұрыстап құрағанмен, ауыр жұмыстарға жегілетін алып трактордың сиқы кете бастағандығын байқау қиын емес.
Виктор Замула, механизатор:
– Әбден тозығы жеткен ғой. Қанша күтіп ұстасаң да, әр жері бір сыр береді. Қосалқы бөлшектердің сапасыздығы тағы бар.
Заречный шараушылығының астық алқабы 12 мың гектардан астам. Төрт дән сепкіш кешені бар. Оның екеуі былтыр алынған. Қалған техникаларды жаңа деуге әсте келмейді.
Мұрат Арыстанов, машина-трактор шеберханасының меңгерушісі:
– К-700 90-91жылдары алынған. Темірде ескіреді дейді ғой, сынады. Қолымыздан келгенше жөндейміз. Токарный цехтарымыз бар, мотористеріміз бар өзіміздің күшімізбен көп жөндеуді өзіміз жасап жатырмыз.
Қазіргі кезде шағын шаруа қожалықтары түгелі іргелі серіктестіктердің де жаңа техника алуға шама-шарқы жете бермейді. «Мемлекеттің 2018 жылы бекіткен 25 процент субсидиясы жұғырымызға жұқ болмай қалды», – деп отыр. Себебі содан бері ауылшараушылық техникаларының бағасы еселеп артқан.
Қайыр Айсин, Кәсіпкерлер палатасы АӨК бөлімінің басшысы:
– Мысалы, екі жыл бұрыңғы ережеде МТЗ-80 тракторының бағасы 6 миллион теңге деп көрсетілген. Қазір оның құны 10 миллионға жетті. Ал 25 проценттік субсидия бұрынғы бағасымен есептеледі. Сондықтан шаруаларға жаңа техника қымбатқа түседі.
Ал ауыл шаруашылық басқармасынан алынған мәліметтерге сүйенсек, техника паркін жаңартуда өсім бар. Мысалы, 2018 жылы 1204 жаңа трактор, комбайндар алынса, одан кейінгі құрғақшылық жылы да олардың қатарын 1311 техника толықтырған. Ал биыл 1614 ауыстырылды. Алайда мұның бәрі мардымсыз екендігін мамандар да мойындап отыр. Себебі жыл сайын қолдағы техниканың кем дегенде 6 процентін жаңартып отыру қажет. Қазіргі көрсеткіш одан екі есе кем.
Арымжан Мизанбаев, Қостанай облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
– Былтыр 365 трактор, 358 комбайн сатып алынды. Нәтижесінде жаңарту 2,7 пайызды құрады. Былай жалпы айтып кететін болсақ, осы бүкіл ауылшаруашылық техникаларының 70 пайызы пайдалану мерзімі он жылдан асқан. Яғни жаңартуды талап етеді.
Қостанай облысына былтыр ауылшараушылығына 13 миллард теңге инвестициялық субсидия бөлінген. Биыл көмек қаржыға 1 ақпаннан өтініштер қабылдана бастайды. Бір ғана өзгеріс, енді алған техникаңызды тіркетіп, жұмсаған ақшаңыздың есебін беруге міндетті боласыз.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг