Атырауда электр жүйесі жаңартуды қажет етеді
Жыл басынан бері облыс орталығындағы ықшам аудандардың жарықсыз қалуы жиілеген. Жаңа жылдан бастап электр энергиясын өндіретін компаниялар үшін табиғи газ тасымалдау тарифі де қоса көтеріліпті. Айта кеткен жөн, осы мәселені шешу үшін мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің батыс өңірін электр қуатымен жабдықтауға арналған арнайы бағдарлама да әзірленген болатын.
Қаңтар айынан басталған жылымық облыстың энергетика саласын тығырыққа тірегендей болды. Электр желілері мөлшерден тыс ылғалды көтере алмай күнара істен шыға бастады. Ал баламалы желі жоқ. Жылу орталығына тұтынатын табиғи газды тасымалдау бағасы көтерілуіне орай облыстағы негізгі электр энергиясы мен жылу өндіретін компания орасан шығынға батқан. Бұрын 1000 текше метр газдың бағасы 2370 теңге болса, 1ақпаннан бастап ол 4551 теңгеден бір-ақ шығыпты. Бұл өндірілетін электр қуатының қымбаттауына әкеп соғады. Бүгінде Орталық 414 мегаватт электр қуатын өндіреді. Егер облыстың қажеттілігі 732 мегаватт екенін ескерсек, әрине, жеткіліксіз. Салдарынан мұнайлы өңір қалған қуат көздерін Маңғыстау облысы мен Ресейден алып келеді. Бірақ сырттан тасымалданатын электр қуатының бағасы өте қымбат.
Оразғали Қаршегенов, «Атырау-Жарық» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы:
-Ол жердегі халыққа біз Ресейден 29 теңгеден сатып алып, 4,73 теңгеден оларға сатып отырмыз. Себебі халық жаңағыдай бағаны көтере алмайтынын білесіздер. Бүгінде ТЭЦ-ке келетін газды ТШО-дан алып отырмыз, оны тасымалдайтын газ құбыры «Интергаз» Орталық Азияға жатады. Олар биыл 1 қаңтардан бастап өзінің бағасын 2 есеге көтеріп отыр. Ол біздің «Атырау ТЭЦ» 2 млрд-тың үстінде шығынға кетеді деген сөз.
Егер «Атырау Жылу Қуат» орталығы бәсекеге төтеп бере алмаса, Атырау қаласы жылусыз қалуы ықтимал. Тығырықтан шығу үшін «Атырау Жарық» компаниясы жарық пен жылудың бағасын көтеруге мәжбүр болады. Облыстық әкімдік жылу беру маусымы аяқталғанша бұрынғы тарифті қалдыруға шешім қабылдаған. Жалпы Атырау облысының электр энергиясын республикалық ортақ желіге қоспай, жарық жанбай қалатын қауіп бар.
Қайрат Бекенов, Атырау облысы әкімінің орынбасары:
- Бүгінгі таңда бірнеше схема дайын тұр Біздің облысымызға тағы да қосымша магистралдық-энергетикалық жүйелерді оңалтуға бағдарлама қабылданған. Сонымен қатар біздің өңірімізде екі ірі мекеме бар, ол магистралды жүйелер – «KEGOC» ұлттық компания, екіншісі – «Атырау жарық». Осыған орай Атырау облысы әкімінің тапсырмасы бойынша арнайы энергетика институттарынан мамандар шақырылып, бүгінгі таңда қазіргі электр жүйелерін жағдайы ертеңгі күні жаңғырту және қосымша бағдарлама құруға тапсырма берген. Себебі электр жүйесін жаңғыртуға алдағы 10 жылға жоспар болуы керек.
Бұл жоспар Үкімет тарапынан қолдау тапты. Биылдан бастап Республиканың батыс өңірінің электр желілерін күшейту жұмыстары қолға алынбақ.
Арыстанбек Кенже, тілші:
-Еліміздің Батыс өңірдің электр желілерін күшейту аясында 2021 жылы Теңіз – Құлсары – Атырау – Индер – Орал бағыты бойынша электр желілерін күшейту жұмыстары басталады. Бұл мұнайлы өңір үшін жаңа баламалы электр қуатын жасақтауға мүмкіндік береді. Жоба 2035 жылы аяқталуы тиіс. Ал әзірге Атырау облысы бар қуаты мен мүмкіндіктерін пайдаланып, қарапайым халық үшін электр қуаты мен жылудың бағасын көтермеу үшін жұмыстанып жатыр.
Автрлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев