Петропавлда автовокзал сатылымға қойылды
Шығынға белшеден батқан нысан алдағы уақытта жұмысын біржола тоқтатуы мүмкін. Ал тығырыққа тірелген кәсіпкер ғимаратты сатылымға қойды. Себебі елімізде карантин режимі енгізілгелі, рейстердің саны төрт-бес есеге дейін қысқарып қалған.
Рейстердің тоқтағанына бірталай уақыт болды. Бұрындары жолаушыға лық толы болатын вокзал қазір бос. Себебі қоғамдық көліктер тек аудандарға ғана қатынайды. Сапаржай иесінің айтуы бойынша, тек бұл нысанның коммуналдық төлеміне он миллион теңге қарыз. Карантиннің кесірі жұмысшыларға да тиген.
Светлана Хомченко, автовокзал диспетчері:
- Жолаушылар саны 4-5 есе азайды. Бұрын күніне мыңнан астам адам вокзалдан жан-жаққа қатынайтын. Қазір бұл көрсеткіш 100-ге де жетпей қалып жатады. Салдарынан жұмысшыларымыз қысқартылды. Бұрын 12 бақылаушы бар еді. Қазір оның екеуі ғана қалды. Ал он кассирдің жұмысын екі маман атқарады.
Пандемияға дейін Петропавл вокзалынан автобустар 150 бағытқа шығатын. Оның сегізі халықаралық, тоғызы өзге облыстарға қатынайды. Ал қалған 133 рейс жергілікті аудандармен ауылдарға жүретін. Бүгінгі күні халықаралық бағыт жабық, облыстармен байланыс тоқтаған. Өңірішілік маршруттардың саны 30-дан аспайды.
Есесіне осы маңдағы жекеменшік тасымалдаушылардың кәсіптері алға басқан. Тіпті такси жүргізушілері жолаушыларды ұялы телефондағы арнайы қосымша арқылы үйінен алып кетіп, қалаған жеріне дейін жеткізіп тастауға дайын.
Жағдайдың қиындап кеткенін жауаптылар біледі. Бірақ мәселені шешуге асығар емес. Тек 173 тасымалдаушыға жергілікті бюджеттен 400 миллион теңге көлемінде субсидия бөлген. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе көп.
Қанат Бейсенов, Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
- Әзір бұл мәселе туралы айтуға ерте. Вокзал жақын күндері сатылып кетеді деп ойламаймын. Коронавирусқа байланысты жағдай алдағы уақытта тұрақталарына сенімдімін. Ал автовокзал жекенің иелігінде болған соң, біз оған қаржылай көмек көрсете алмаймыз. Ондай заңнама жоқ.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Елдегі жағдайдың қашан түзелетіні білгісіз. Сондықтан автовокзал иесі нысанды 400 миллион теңгеге саудаға шығарды. Мың бір жүз шаршы метр аумақты құрайтын ғимарат сатылса, Петропавл сапаржайсыз қалуы мүмкін.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов