Қоғам белсендісі айына 200 келі пластик жинайды
Бастапқыда оны тапсырушылар аз болғанымен, қазір көбейген. Тіпті өзге қалалардан да жеткізетіндер бар екен.
Соның нәтижесінде ол ай сайын шамамен 200 келі пластикті зауытқа өткізіп отыр. Ал одан түскен қаражатты, қайырымды істерге жұмсайды.
Қағаз жәшіктерге салынған сансыз қалдық жақын күндері зауытқа жөнелтіледі. Қоғам белсендісі жергілікті кәсіпорынмен келісімге отырған. Айтуынша, айына шамамен 200 келі қақпақ жиналады екен. Көзге аз болып көрінгенмен, кейін одан қаншама дүние жасалады.
Инна Радченко, қоғам белсендісі:
- Мәселен, көшедегі гүл егетін ыдыстардың барлығы қайта өңделген пластиктен жасалады. Кәріз құдығының қақпақтары, шелектер, тұрмысқа қажет басқа да бұйымдарға осы шикізат пайдаланылады. Сондықтан жобамыздың тек экологиялық жағынан ғана емес, экономикалық тұрғыдан да пайдасы зор.
Қазір қалада пластик қақпақ қабылдайтын үш бірдей орын бар. Кез келген адамның өткізуіне болады. Әуелде жобаға атсалысқандар аз болса, қазір тіпті Балқаш, Теміртау қалаларынан да тұрғындар арнайы келіп, тапсырып жатқан көрінеді.
Василиса Русанова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Табиғатты қорғау үшін пластик қақпақтарды қоқысқа тастамай, арнайы орындарға тапсыру керек. Мен мұнда аптасына 2-3 мәрте келемін.
Ирина Радченко осыдан біраз уақыт бұрын иесіз мысықтарды асырайтын арнайы орын ашқан. Қазір мұнда 100-ден астам марғау бар. Оларды бағып-қағу, уақытында екпе жасату оңай емес. Сондықтан пластик қақпақтан түскен қаражат түгел сол мақсатқа жұмсалады екен. Қазір ол ғимараттың тарлығынан пластик шөлмек қабылдай алмай отыр. Әйтпесе «күл-қоқыста шашылған қалдықтарды да кәдеге жаратуға болар еді», – дейді қоғам белсендісі. Сондықтан әлеуметтік желі арқылы үндеу жасап, тұрғындарды тазалыққа шақыруда.
Ардақ Асылханұлы, тілші:
- Қоршаған ортаның тазалығына бей-жай қарамайтын қаланың кей тұрғындары да үндеуге үн қосып жатыр. Қарапайым пластик қақпақтардан керемет мүсіндер жасап, ауланы безендірген. Бірақ «ондай белсенділер, өкінішке қарай, өте аз», – дейді табиғат жанашырлары.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев