Каспий құбыр консорциумы 2020 жылғы қорытындысын шығарды
Негізі осыдан 25 жыл бұрын қаланған компания өндіріс қуатын әлі де арттыруға мүдделі. Әлеуметтік жауапкершілік аясында қайырымдылық шараларын да қатар алып жүр.
Бұл – Каспий құбыр консорциумы құрылған сәттерден шағын үзінді. Ол Қазақстан ғана емес, тұтас ТМД деңгейіндегі ірі инвеститциялық жоба еді. Қаржылық шығын, үлкен тәуекелдер қазір үлкен жетістікерге себепші болуда. Компания бүгінге дейін Теңіз – Новороссийск мұнай тасымалдау жүйесі арқылы әлемдік нарыққа Қазақстаннан 600 млн тоннадан астам мұнай жеткізген.
Николай Горбань, Каспий құбыр консорциумының бас директоры:
- Біз қуаттылықты әлі де арттыра түсеміз. 2019 жылы акционерлермен құбырдың тар жерлерін жою бағдарламасын қабылдадық. Ол – Қазақстан Республикасының аумағынан Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай тасымалдауды жылына кемінде 72,5 млн тоннаға дейін ұлғайтуға бағытталған жоба. Оның аясында үш магистралдық сорғыны ауыстыру көзделген.
Компания көмірсутек шикізатын тасымалдау жалпы еліміздегі мұнай-газ саласын дамытуда негізгі рөл атқарды. Қазақстандағы қара алтын экспортының үштен екі бөлігі осы бағытпен тасымалдануда.
Николай Горбань, Каспий құбыр консорциумының бас директоры:
- Пандемияның әсеріне қарамастан, Каспий құбыр консорциумы өзінің әлеуметтік жауапкершілігін жалғастырады. Атырау облысында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бірегей жоба отбасы үлгісіндегі балалар ауылының құрылысы жүргізілуде. Екінші жоба – жасөспірімдер үйіне арналған жаңа ғимараттың құрылысы. Балалар ауылындағы жетім балалар өсе келе сонда көшіп баратын болады.
Айта кетейік, Каспий құбыр консорциумы 2016 жылдан бері Атырау облысында қайырымдылық шараларына 10 млн доллар жұмсаған.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы