Электрондық бақташы: шаруаның қолы ұзарды
Өйткені өңір шаруалары цифрлық құрылғылардың көмегімен осы мәселені шешкен. Қазір ірі қараларды электрондық бақташы бағады. Ал бос жүрген Қамбар ата төлдерін тұрғындар телефонмен онлайн бақылап отыра береді. Бұл алдымен мал ұрлығының алдын алуға сеп болып отыр.
Олег Адам – өңірде алғашқылардың бірі болып малын электрондық бақташыға бақтыра бастағандардың бірі. Ол үшін 350 гектар аумақты 9 киловольттық арнайы сыммен қоршаған. Ірі қаралар қазаннан мамырға дейін осында жайылады.
Олег Адам, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Құрылғыны Канададан сатып алдық. Қазір 30 градустық аязда мал далада жүре береді. Ең бастысы өздері топырақты құнарлатады. Жазда мал жайылған жерден біз азықтық шөпті үш есеге көп аламыз. Оның үстіне бұл аумаққа сегіз камера орнаттық. Осылайша қазір сандық технологияның жемісін көріп отырмыз.
Электрондық бақташы – мал ұрлығының алдын алуда да таптырмас құрылғы. Мәселен, аумаққа қарақшы түсіп, сымдарға зақым келсе, ол автоматты түрде компьютерге не болмаса ұялы телефонға белгі береді.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Мына сымдардың бойымен тоқ жүреді. Шаруа қожалығы басшысының айтуы бойынша малдар бұл маңға мүлдем жақындамайды. Оны іздерден де айқын аңғаруға болады.
Шаруалардың енді бірі өрістегі малын GPS арқылы онлайн бақылайды. Бүгінде өңірде 500-ге жуық жылқыға қарғыбау тағылып, арнайы чип орнатылды.
Зульфат Хамидулин, агроном:
- Біздің ауыл Ресеймен шекарада орналасқан. Сондықтан осы құрылғыларды орнатудамыз. Қазір шаруашылық басшысы жұмыс бабымен облыс орталығында. Ол кісі қалада отырып, табын жылқыларының қайда жүргенін қадағалай береді.
Өңірде бұл бағытта 2021 – 2023 жылдарға арнайы бағдарлама қабылданды. Полицейлер мал ұрлығының алдын алу үшін тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Жанат Рахметов, Жамбыл аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы:
- Бастаманы жергілікті халық, шаруа қожалықтары құптап отыр. Былтыр ауданда малдарға арналған айып тұрағы ашылды. Оған қараусыз жүрген 78 жылқы қамалып, иелеріне әкімшілік айыппұл салынған еді. Ал биыл ауданда еш заңбұзушылық болған жоқ.
Ал жыл басынан бері өңірде алты мал ұрлығы тіркелді. Қылмыстың барлығы ізі суымай ашылды.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев