БЖЗҚ ақшасын емделуге пайдалану ережелері түсіндірілді
Ол үшін ел азаматтары 25 ақпаннан бастап мекенжайы бойынша тіркелген медициналық мекемеге барып өтініш толтырады. Әр адам денсаулығына қатысты арнайы қорытынды құжатты алуы тиіс. Дәрігерлік комиссия 5 жұмыс күнінің ішінде шешім шығарады. Жинақтағы ақша екі күн төңірегінде ем алатын мекеменің шотына түседі. Ескеретін жайт, ақша қолға берілмейді. Барлығы онлайн және есепшотқа аудару арқылы жүзеге асады. Қордағы қаржының игілігіне орфандық ауруы барлар мен стоматологиялық емге мұқтаж жандар иек арта алады. Сондай-ақ косметологиялық операция жасату үшін қаражатты пайдалануға рұқсат.
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ төрағасы:
- Біздің портал 25 ақпанда өз жұмысын бастайды. Қазір соңғы пысықтаулар жүріп жатыр. Кейбір ауру түрлерін алып тастап жатырмыз. Өтінішті сайт арқылы беруге болады.
Ал жасанды жолмен ұрықтандыруға қордың қаржысын пайдалануға әзірге рұқсат берілмейді. Бұл туралы Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары мәлімдеді. Гүлнәр Сәрсенбаеваның айтуынша, биыл елімізде «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылды. Нәтижесінде, квота саны жеті есе көбейіп, жеті мыңға жетті. «Егер аталған қызмет түріне сұраныс көбейіп, мұқтаждық туындаса, онда бұл мәселені тізімге енгізуіміз мүмкін», – деді Гүлнәр Сәрсенбаева.
Гүлнәр Сәрсенбаева, Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары:
- Бір жолғы зейнетақы төлемдерін емделуге пайдалану біздің азаматтарымызға қосымша медициналық қызметтер алуға мүмкіндік береді. Бұл медициналық қызметтер тегін медициналық көмекте және әлеуметтік сақтандыру жүйесінде жоқ екенін атап өткім келеді.