СҚО-да қарлы боран салдарынан үш адам жоғалып, 400 үй жарықсыз қалды
Өткен тәулікте өңірде дабылды ескерту жарияланған болатын. Алайда оны ескермей жолға шыққан 94 адамды ТЖҚ мамандары қар құрсауынан құтқарып алды. Оның тоғызы – бала. Мұнымен қоса 34 көлік қауіпсіз жерге шығарылды. Жылыту бекеттеріне түнде 132 адам жеткізілген. Полицейлер мен құтқарушылар түні бойы Тайынша ауданындағы балықшыны және Бірлік ауылында жоғалып кеткен ағалы-інілі балаларды іздестірді. 19 жастағы Ернияз өзінің 7 жастағы бауырымен боранда жылқы іздеуге шығып, адасып кеткен. Мамандар ағайындыларды Есіл өзенінің бойынан, ауылдан бес шақырымдай жерден тапты. Барлығы дін аман.
Ернияз Әшкен, Бірлік ауылының тұрғыны:
- Ат шаршап, жүре алмай қалды. Сосын мен інімді арқама салып алдым. Алдымыздан бір жарық көрінді. Ол Қаратал ауылының жарығы екен. Ауылға қарай жаяу кетіп бара жатқанбыз. Сол кезде арттан Ішкі істер басқармасының кісілері көріне бастады. Оларға үлкен рақмет. Бізді отырғызып алып, үйге жеткізіп тастады. Күн суық болды. Інім қатты тоңған кезде өз күртемді оған бердім. Шаршаған кезде қарды ойып-ойып, ішіне кіріп жаттық. Өйткені қардың астында жел жоқ, қатты суық болмайды.
Сондай-ақ қарлы боранның салдарынан Ақжар мен Тайынша ауданында екі ауыл жарықсыз қалды. Қайта қалпына келтіру жұмыстары тек ауа райы тұрақталған соң басталып, 400-ден астам үйге электр қуаты берілді. Мамандардың айтуыша, кей аудандарда жауған қардың мөлшері айлық нормадан екі есе көп.
Осы ауа райының қолайсыздығынан еліміздің бес өңірінде республикалық маңызы бар автожолдардың сегіз учаскесі мен облыстық маңыздағы автожолдардың 40 учаскесінде қозғалыс жабылды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. ТЖМ аумақтық бөлімшелері Ақмола, Алматы, Атырау, Қостанай, Павлодар облыстарындағы автожолдарда 77 адамды, оның ішінде алты баланы эвакуациялады. Қауіпсіздік мақсатында жабық учаскелерде 284 жылыту пункті дайындалды. Ол жерлерге 227 адам, оның ішінде 14 бала орналастырылды. Уақытылы ақпараттық-психологиялық көмек көрсету үшін республикалық жедел штабта және өңірлерде жедел байланыс желісі ашылды.