Ақтөбе облысына бір мың дана вакцина жеткізілді
Қос компонентті ресейлік вакцинаның алғашқы легі Ақтөбеге ақпанның 1-ші жұлдызында жеткізілген болатын. Дәрілік заттың екінші құрамдас бөлігін 21 күннен кейін қабылдау міндет. Сондықтан бұл жолы да медицина саласының мамандары назарда екенін айттық. Ал наурыз айынан бастап өзге мамандық иелері қамтылатын болады.
Өңірде бірінші болып екпе салдырғандардың бірі – Мөлдір Балжанова. Қалалық нөмірі үшінші емхананың жедел жәрдем бөлімінде еңбек етеді. Жолдасы да – дәрігер. Қатерлі дертпен күресте алғы шепте жүргендіктен, ерлі-зайыптылар дерттен дер кезінде сақтануды жөн көрген.
Мөлдір Балжанова, қалалық №3 емханасының жедел жәрдем бөлімінің фельдшері:
- Екі жақ өкпенің қабынуы бойынша, жөтел, дене қызуының жоғары болуы, әлсіздік мұндай симптомдармен жиі шақырады. Науқастармен жиі байланыста боламыз. Сондықтан қауіпсіздік үшін, өзіміз үшін, отбасымыз, балаларымыз үшін ауру-қатерден сақтану үшін, әрине, дұрыс деп ойлаймын.
Ақтөбе облысына жеткізілген мың дана вакцинаның барлығы медицина саласы мамандарына бөлінген. Онда да ниет білдірген жандардың созылмалы дерті жоқ, денсаулығы мығым болуы тиіс. Дәрілік затты салдырар алдында терапевттің қабылдауында болу да шарт.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Екпе қабылдағаннан кейін міндетті түрде дәрігердің бақылауында болуы керек. Кем дегенде жарты сағат осы бөлмеде отырады және де дене қызуын өлшеп, міне, көріп тұрғаныңыздай, қан қысымын кезекші терапевт бақылауы тиіс.
Облыс орталығында вакциналаудың алғашқы кезеңі 19 ақпан күні тәмамдалған. Осы уақыт аралығында екпе кері әсер етіп, қабылдаған жандардың кенеттен сырқаттану дерегі тіркелмеген. Дәрілік заттың ендігі міндеті – қатерлі дертке қарсы иммунитетті адам ағзасында мейлінше ұзақ сақтау.
Рүстем Исаев, Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Мына екінші дозаның айырмашылығы, біріншіден, бірінші дозада 26-серотип егілсе, екінші дозада 5-серотип қосылып, алған иммунитетіміз бір жылға дейін жетеді.
Наурыз айында өңірге тағы 4,5 мың дана вакцина жеткізілуі тиіс. Бұл жолы ұстаздар мен тәртіп сақшылары, халыққа қызмет көрсету орталықтары мамандарына екпе салынады. Яғни бұқара жұртшылықпен қоян-қолтық еңбек ететін мамандықтар қамтылады. Жалпы алдағы жарты жыл ішінде Ақтөбеде қатерлі дертке қарсы 150 мыңға жуық адамға вакцина егу жоспарланып отыр.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков