Қазақстан билігі «АрселорМиттал Теміртауға» қатаң талап қойды
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев компанияның вице-президенті Виджай Гоялмен кездесті. Қорытындысын хабарлаған комитет төрағасы Зулфухар Жолдасовтың сөзінше, алдағы төрт жылда «АрселорМиттал Теміртау» атмосфераға бөлінетін шығарындылардың мөлшерін 30% азайтуы тиіс. Бұдан бөлек, 500 мың ағаш отырғызуы керек. Осы мақсатта сәуір айында компания басшылығы экологиялық жағынан тиімді заманауи технологияларды қолданысқа енгізу бойынша стратегиялық жоспар ұсынады. Айта кетейік, бұл өндіріс ошақтарының кесірінен ауаға жылына 200 тонна зиянды газ таралады екен. «Бұл Теміртау тұрғындарының басына шаққанда 11 тоннаға тең», – дейді министрлік өкілдері.
Зулфухар Жолдасов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі комитет төрағасы:
- Осы 3 жылда халықтың арызы бойынша 19 рет тексеру жүргіздік. Оның ішінде 50 ұйғарым бердік. 5 млрд-тың үстінде айыппұл төленді. Экологияға 5 жылда 87 млрд теңге қаражат бөлінген екен. Бірақ тиімділігін есептесек, 0,08% ғана шығарындыларын азайтқан. Енді компания сәуірде үлкен стратегия жасайды. Оны біз бақылаймыз.