Шешен-ингуш халқының депортацияға ұшырағанына 77 жыл
Олардың Павлодар облысында тұрып жатқан ұрпақтары қиын кезде бауырына басып, мейірбандық танытқан қазақ еліне алғыс айтты.
Туған жерлерінен күштеп көшірілгенде Хамзат Дауырбеков 12 жаста болған. Оның отбасы Қазақстанға 1944 жылдың наурыз айында қоныс аударған.
Хамзат Дауырбеков, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Айран, көже берді. Бәрі бізді күтті. Олар болмаса, біз болмаушы едік. Мен сендерді қатты жақсы көремін. Қазақстан аман болсын!
Ақпанның аязды күндерінде бірнеше ай жол жүріп, әбден титықтаған шешендер мен ингуштарды қазақтар жылы шыраймен қарсы алған.
Гелани Садулаев, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Негізі 550 мың адамдай депортацияға түсті. Сырқаттанып, суықтан, аштықтан жолда көп адам ана дүниеге өтіп кетті. Қазақ халқы өзі де жақсы тұрған жоқ ол кезде. Соғыс болып жатты. Сол кезде де бізді қарсы алып, өздерінің бір тілім нанымен бөлісіп, бізге көмек жасап, қазірге дейін бірлікпен Павлодар облысында тұрып жатырмыз.
Бүгінгі таңда Павлодар облысында шешен мен ингуштардың саны төрт мыңнан асады. Олар қазақ халқымен етене жақын араласып кеткен. Көпшілігі кәсіппен айналысады.
Михаил Аушев, Шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы:
- Депортациямен қоныс аударғандарға қайтыс болған адамдарын жерлеуге тыйым салынған кездер болыпты. Сол кезде өлген адамның жаназасын қазақтар шығарып, ас беріпті. Сіздердің бауырмал халық екендеріңізді осы оқиға айғақтай түседі.
«Жақсылыққа жақсылықпен жауап береміз» деген шешен-ингуш этномәдени бірлестігі 70-ке тарта отбасына азық-түлік таратып шықты. Олардың арасында көпбалалы аналар, жағдайы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар бар.
Күлшаш Шаймұрат, көпбалалы ана:
- Біз осы үйді алдық. Көпбалалы ана болған соң берді. Көп рахмет!
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Осы күнге қазақ халқының арқасында аман-есен жеттік деген шешен-ингуш орталығының өкілдері аз қамтылған отбасыларын қамқорлыққа алып отыр. Мәселен, осы шаңырақта бес бала тәрбиеленіп жатыр. Отағасы гемодиализ алып, қазір ауруханада жатыр екен. Ал балалардың анасы сол мүгедек жарымен кішкентай сәбилеріне қарайлап, жұмыс істей алмай отыр. Шешен-ингуш орталығының өкілдері бұл отбасына енді жиһаз алып беруге уәде берді. «Қазақ халқына деген алғысымызды осылай қайырымдылықпен қайтарамыз», – дейді олар.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат