Өскемендегі қырық жамау құбырлар сыр бере бастады
Инженерлік желі 60% тозғандықтан, өткен жылы 452 коммуналдық апат болған екен. Ал биылғы ақпан айының өзінде жауапты мекемелер орталық құбырды 40 жерден жамаған.
Қаланың шеткі аумақтарында мұндай мәселе жоқ. Өйткені ол жақтың үйлері орталықтандырылған құбырға мүлдем қосылмаған. Тұрғындар болса ауызсуды әлі күнге дейін көшеден тасып ішіп отыр.
Қыс қаһарына мінген қаңтар айында Өскеменнің көшелері құдды Венецияға айналғандай кейіпке енді. Жарылған құбырдан аққан су бірнеше шақырымға жайылды. Содан бері коммуналдық мекеме қызметкерлерінің қолынан құрал-сайман түскен емес. Құбырдың арғы басын бекітсе, бергі жағы қайта сыр береді.
Қала орталығындағы қырық жамау құбырдан күнде су ағып, ысырап болып жатса, шеткі аумақ тұрғындары үшін тіршілік нәрінің әр тамшысы бейнетпен келеді. Мұндағылар қыс түссе қатып қалатын көшедегі колонканың мұзын ойып, құбыр бойын жылытып барып шелегін толтыра алады.
2020 жылы қала маңындағы үш ауылға құбыр тартылды. Алда тағы сусап отырған үш елді мекенге желі жүргізу керек.
Ботагөз Сатыбаева, қала тұрғыны:
- Бізге дейінгі буын қауға-шелегін арқалап жүрді. Біз де ауызсу тапшылығын айқын сезініп отырмыз. Енді осы мәселе немерелерімізге қалмаса жарар еді. «2019 жылы су жеткіземіз», – деген уәде берілді, одан соң 2020 жыл деді. Көргендеріңіздей, тек әкімдіктің ант-суын ішіп отырмыз.
Тартылуы тиіс 70 шақырым құбырдың «тағдыры» республикалық бюджетке телінген. «Су жүйесі» мекемесі тариф бойынша тұрғындардан жиналған қаржыға 23 шақырым желі тарта аламыз деп отыр. Қалғанына 2 миллиард теңгенің үстінде қаражат керек.
Наталья Лукерина, Коммуналдық мекеменің бөлім басшысы:
- Осыдан 10 жыл бұрын су желісінің 75% ескірген болса, қазір бұл көрсеткішті 60% төмендеттік. Түрлі мемлекеттік бағдарлама аясында 100 шақырымдай құбыр ауыстырдық.
Шығыс Қазақстан облысында орталықтандырылған су жүйесіне қосылу кезегінде 220 ауыл тұр. 2011 жылдан бері «Өңірлерді дамыту» және «Нұрлы жол» бағдарламалары шеңберінде 103 миллиард теңгенің 299 жобасын жүзеге асыру қолға алынды. Жергілікті билік алдағы 4 жылда ел шығысындағы ауызсу мәселесін толық шешеміз деп тағы ант-су ішіп отыр.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин