Ертіс өңірінде эко-ойыншықтар өндіретін алғашқы шеберхана жұмысын бастады
Енді балаларымыз табиғи материалдардан жасалған ойыншықтармен ойнайды деген үміт бар.
Ағаш шеберханасы осындай аядай ғана бөлмеде орналасқан. Қазіргі уақытта торғайдың үйшіктері, текше пішінді заттар мен қуыршақтарға арналған үйлер жасалып жатыр.
Мейіржан Сыздықов, шебер:
- Мақсат – мүгедектік алып, жұмыстан тыс қалған балаларға осындай бұйымдарды жасатып үйрету. Үйреніп, әрі қарай жұмыс істеп кетсе, оларға ақша төлейміз. Ойыншықтар қиын емес. Мысалы, баласы мен әкесі сатып алып, екеуі бірге жинайды.
Әлеуметтік жоба аясында әзірге екі адам екі қолға бір күрек тапты. Болашақта 20-дан астам мүмкіндігі шектеулі адам жұмысқа орналасады.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Ойыншықтарды әзірлеуде тек экологиялық таза өнімдер, яғни, ағаш қана пайдаланылады. Тіпті, оны бояуға да рұқсат етілмейді. Ойыншықтардың ерекшелігі сол, оларды бұзып, қайта жинақтауға болады. Кейін осындай қораптарға салынып, тұтынушыларға жол тартады.
Гүлзира Атабаева, жобаның аймақтағы үйлестірушісі:
- Жұмыс жаңа ғана іске қосылды. Бұл – аймақтағы пилоттық әлеуметтік жоба. Қазіргі уақытта алдын ала тапсырыстарды алып үлгердік. Павлодарлық және ресейлік нарықта сұраныс бар. Бұйымдардың ерекшелігі, олар тек ағаштан жасалады. Бүгінгі таңда эко-заттарға сұраныс жоғары.
Бүгіннің өзінде 7 млн теңгенің тапсырысы түскен. Өнімдер ірі сауда желілері бойынша сатылмақ. Әзірге бұл – аймақтағы жалғыз әлеуметтік жоба. Алдағы уақытта шеберлер тоғыз бағыт бойынша жұмыс істемек.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков