Облыстық маңызы бар «Қарасаз-Тұзкөл» жолы неге назардан тыс қалды?
Бұл мәселе облыс әкімінің халық алдындағы есеп беру кездесуінде де бірнеше рет бетпе-бет көтерілген. Өйткені көктемде лайға, жазда жаңбырға төзбейтін жолдар тұрғындарды әбден титықтатқан.
Қарасаздан Тұзкөлге дейін кеңестік кезеңде де асфальт жол болған емес. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда да бұл облыстық маңызы бар жолдың құрылысына жергілікті бюджеттен қаржы бөлінбеді.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Райымбек ауданында 20 ауыл болса, соның барлығына дерлігіне қатқыл табанды жолмен қатынауға мүмкіндік жасалған. Тек мына Қарасаз бен Тұзкөл ауылын байланыстыратын 18 шақырымдық жолға асфальт төселмепті. Тұрғындар осы жолды жөндеп беруді сұрап отыр.
Мұхаметәлі Күшназаров, ауыл тұрғыны:
- Мен осы ауылға көлігіммен көмір тасумен айналысамын. Тұзкөл ауылында жол жоқ. Жолды жөндеп берулеріңізді сұраймыз. Жолды күрделі жөндеуден өткізіп бермесе, шаруаға өте қиын болып жатыр.
Жеңіс Бекбаев, ауыл тұрғыны:
- Қыста да, жазда да қатынас өте қиын. Бала-шаға ауырады, ары-бері жүреміз. Қыс айларында мүлде қиын. Көктемде де шыға алмаймыз. Осы жолымызға күрделі жөндеу жасап берсе деген ниеттеміз.
Аудандық әкімдіктегілер облыстық маңызы бар кірме жолдың құрылысына өткен жылы жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жобалық-сметалық құжаттамасы жасалғанын айтты. Қазір еріген қар суын өткізетін құбырлар мен топырақ, қиыршық тас төселіп, жол тегістеліп жатыр. Бұл жол бөлігінің жасалуы арқылы Тұзкөл көлінің де туристік потенциалы арта түседі. Жазда көл жағасына 100 шақты көлік келіп кетеді екен. Өйткені бұл жерден биіктігі 7010 метрлік Хан Тәңірі шыңы өте әдемі көрінеді.
Нұржан Кеңесұлы, Райымбек ауданының әкімі:
- Ағымдағы жылы Қарасаз-Тұзкөл ауылының жолын жөндеу жоспарлануда. Жалпы құны 1.8 млрд теңгені құрап отыр. Жөндеу өткен жылы басталған, жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі.
Райымбек ауданы Кегеннен бөлінгелі бері Нарынқолдан «Байынқол» шекара заставасына дейінгі 28 шақырымдық жол жасалып, пайдалануға берілді. «Сарыжаз-Қарасаз», «Текес-Тегістік», «Қақпақ-Қайнар» жолдары қайта қалпына келтірілді. Алдағы уақытта «Қарасаз-Шалкөде», «Талас- Көмірші» тасжолдары жөнделеді. Сонымен қатар орталықтандырылған ауызсу жүйесі тартылып біткен Қызылшекара мен Жамбыл ауылының көшелері жөнделе бастайды. Мұндай жұмыстар Сарыжаз, Сарыбастау, Қарасаз, Сүмбе, Талас ауылдарында да жүргізіледі. Өткен жылы Алматы облысында жол жөндеуге 61 млрд теңге бөлініп, игерілді. Соның нәтижесінде өңірдегі жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың үлесі 84% межені еңсерді. Оны жылдың аяғына дейін 89% жеткізу жоспарланып отыр.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев