Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында тері өңдейтін 2 кәсіпорын ашылады
Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында тері өңдейтін 2 кәсіпорын ашылады. Мекеме азықтық қоспа мен желатин шығаруға бағытталған. Оның жылдық қуаты - 6 мың 800 тонна. Мұны Мәжілісте өткен үкімет сағатында ауыл шаруашылығы министі Айдарбек Сапаров айтты. Оның сөзінше осындай жобалар арқылы өңделген өнімдерінің экспортын арттыру көзделіп отыр. Қазіргі көрсеткішіміз қандай?
Аграрлық ел ретінде азық-түлікті экспорттау бұрыннан жолға қойылған. Ал өңделген өнім сыртқы нарықта қаншалықты сұранысқа ие? Министр алдымен осыған тоқталды. Былтыр оның экспорты 2,3 млрд. долларды құрапты. 599 мың тонна өңделген сүт, 31 мың тонна сары май, 44 мың тонна ірімшік пен сүзбе, 80 мың тоннаға салқындатылған ет сондай-ақ 67 мың тонна шұжық өнімдерін сыртқа саттыппыз.
Дегенмен, бұл аграрлық сектордың әлеуетін ескерсек, тым төмен көрсеткіш. Шамамен барлық өнімнің небары 20 пайызы өңделетінін көрсетеді. Бұған не себеп?
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Біріншіден, шикізаттың жетіспеушілігі және қымбаттылығы. Бұл факт мал шаруашылығында да, өсімдік шаруашылығында да статистикалық деректерді бұрмалаудың көп жылдық тәжірибесінің болуымен түсіндіріледі. Комиссия жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 2 млн. бас мал мен 3 млн. тонна сүт есептен шығарылды.
Былайша айтқанда статистика мен шындықтың арасындағы алшақтық жойылыпты. Мамандар шынайы деректерді негізге ала отырып, саланы дамытудың жаңа жоспарын құрып жатыр. Оның ішінде жүн мен теріні өңдеу де қамтылады. Мәселен, Солтүстік Қазақстан мен Алматы облыстарында екі кәсіпорын құрылады. Бірақ депутаттар жобаның іске асырылуына күмәнмен қарайтынын айтты. Себебі, бірнеше жыл бұрын теріні өзімізде өңдейміз деп оның экспортына шектеу қойылған болатын. Не өзгерді?
Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Терілерді өңдейтін зауыт супер заманауи зауыт 2017 жылы Батыс Қазақстан Облысында ашылған болатын. Енді менің қолымдағы мәлімет бойынша бұл жылына 182 мың дана ірі қараның, 624 мың дана ұсақ мал терісін қайтадан өңдейтін болды деп, осы жобаға 2,2 млрд ақша салынған болатын. Ал енді осы зауыт қазіргі таңда жұмыс жасап тұрған жоқ.
Айта кетейік осындай олқылықтардың себебінен елімізде тері өңдеу ісі әлі күнге ақсап тұр. Жыл сайын шамамен тек 600 мың дана мал терісі өңделеді. Ал 3 млн данасы далада шіриді. Жүнге қатысты ахуал да осыған ұқсас. Қаншама табыстан қағылып отырмыз. Ал талқылау кезінде депутат Аманжол Әлтай қымыз мәселесін көтерді.
Аманжол Әлтай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біз бағасын біле білсек осы жылқы сүтінің өзін өндіріп, оны тереңдетіп өңдеу арқылы қазақ халқының ұлттық брендіне айналдыруға мүмкіндігіміз бар. Бие сүтін өңдейтін зауыт салу жоспарларыңызда бар ма?
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Бізде Қарағанды облысында «Саумал» зауыты бар. Өткен аптада оны аралап келдім. Жігіттермен кездестім. Әр облыста сауып жатқан азаматтар да бар. Саумалды өткізу проблемасы бар екен. Олар Еуропаға өте алмай отырғанын айтты. Сұраныс шамалы. Қытайға өткізуге сұрап отыр, сосын БАӘ-ге жіберіп жатырмыз. Ол жерде құлындарға тамақ ретінде де береді екен. Сондықтан қазір Қытайға шектеуді алып тастадық. Енді қазір реестрге кіргізу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Министр алдағы бес жылда ахуал түбегейлі өзгереді деп сендірді. Терең өңдеуді дамыту үшін салаға 372 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарда. Осы арқылы қазіргі өндіріс қуаты 1 жарым есеге артады деген болжам бар. Жалпы қазір өңдеудің өзіне жаңаша көзқараспен қарау керек,-дейді жауаптылар.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Мәселен бір ірі қараны мысалға алайық. Еуропа елдері мен Қытайдағы кәсіпорындар оның етінен өзге өнімдерін 200-ден 500 АҚШ долларына дейін пайда табады екен. Қалай? Малдың терісі, ішегі, өкпе-бауырын былай қойғанда, мүйзі мен тұяғы, тіпті сүйегіне дейін өңдейді екен. Міне терең өңдеу деген осы. Депутаттар біз де соған ұмтылуымыз керек деді.
Авторлар: Ердәулет Ыбырайұлы, Дархан Күнтуов.