Тау бөктерінде құрылыс салуға болмайды
Алматы облысы «Түрген ауылы - Батан» автожолының 24 шақырымын қар көшкіні басып қалды. Тау бөктерінен сырғыған қар жамылғысы өздігінен түскен. Зардап шеккендер жоқ.
Ал Алматыда болған лай көшкінінен кейін тау бөктерінде тұратын халық алаңдаулы. Тұрғындардың айтуынша, сол маңдағы үйлердің көбі орталық кәріз жүйесіне қосылмаған. Жер астындағы су құбырлары тозғандықтан, жиі тесіледі. Оған қоса биікке салынған зәулім ғимараттар төменде орналасқан үйлерге әсер етеді. Осының бәрі топырақтың босауына, кейде қайғылы жағдайға себеп болып отыр.
Тау самалындағы лай көшкінінен кейін тазалау жұмыстары жалғасып жатыр. Ол жаққа жол жабық. Ешкімді өткізбейді. Тек қана ауыр техникалардың кіріп шығуына рұқсат.
Көше балшықтан толық тазартылғанымен зардап шеккен үйлердің айналасында әлі жұмыс көп. 3200 текше метр лайды шығару оңай емес.
Азат Кәкетаев, Медеу ауданы әкімінің орынбасары:
-Қазіргі таңда 1320 барлық күштерді, құралдарды шақыртып, жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Жоспармен жексенбі күнге дейін бітеміз. Одан басқа «Қазселденқорғау» күшімен қазіргі таңда тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Қаншалықты қауіпті екенін тексереді.
Мамандардың шешімін тұрғындар да алаңдап күтіп отыр. Таусамалы шағын ауданының өзінде жүздеген үй дәл таудың етегіне салынған. Топырағы сазды келеді. Бұдан он бес шақты жыл бұрын дәл осы аймақта лай көшкіні болып, бір адам қайтыс болған. Жергілікті тұрғындар әкімдік осыдан сабақ алмады деп налиды.
Вячеслав Несмашнов, қала тұрғыны:
-Былтыр қалалық су арнасы мекемесіне барғанмын. Топырақ тұрмақ, асфальттанған жерден су шыққан. Маған екі апта күт деді. Онда сендер келгенше, көлге айналады деп едім, келіп суды тоқтатқан сияқты болған. Былтырдан бері тағы басқа жерден су шығып жатыр.
Людмила, қала тұрғыны:
-Үйлердің көбінде септик бар. Кәріз жүйесі де бар. Бірақ мен оның қай маңнан өтетінін білмеймін. Анығы ылғи құбырлар тесіліп жатады. Каркаспен салынған үйлердің есігі кейде әзер жабылады. Кейде оңай, бос жабылады. Осыған қарап-ақ, топырақты жылжыманың баспанаға әсер еткенін білуге болады.
Кейбір учаскелерде бірыңғай кәріз желілерінің жоқтығын әкімдік те растайды. 2022 жылдан бері беткейі 15 градустан асатын таулы жерде құрылысқа рұқсат етілмейді. Дегенмен «жеке тұрғын үй салынатын жерге көппәтерлі баспаналарды салу тоқтамай тұр»,— дейді тұрғындар. Бұл жайында мегаполис басшысымен өткен кездесуде айтылды.
Ерболат Досаев, қала әкімі:
-Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде жұмыс істеп жатырмыз. Қаланың жоғарғы бөлігі мен тау етегіндегі үйлер бақылауға алынады. Бас жоспарға сай таулы жер рекреациялық аймаққа кіреді. 2022 жылдан бері таулы жерлерде заңсыз салынғын 54 ғимарат анықталды. Сотқа 45 талап-арыз берілді. Оның 31-і қаланың пайдасына шешілді. Қалғаны қарастырылып жатыр.
Тау бөктерінде құрылыс салуға болмайды дегенді естір құлақ жоқ. Оны зәулім үйлерден-ақ байқасыз. Табиғат тосын мінез танытса немесе техногендік апат болса, зардабы қаншалықты ауыр екенін кешегі оқиға көрсетіп отыр.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев