«Қайырымдылық керуені» жобасының жеңімпазы балаларға ағылшын тілін тегін үйретеді
Балалар төрт айлық ағылшын курсын тегін оқып қана қоймай, алты оқушы Лондонға екі апталық жолдама алған. Тағы алты оқушы Афинадағы білім жетілдіру курсына барып қайтқан.
Наталья Мұхамеджанова – ағылшын тілін жетік меңгерген маманның бірі. Ол өзінің біліктілігі арқылы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға білім беруді мақсат еткен. Нәтижесінде, 2019 жылы «Open Mind» қайырымдылық жобасын қолға алып, 1700 баланы тегін оқытты. Жобаның алғашқы кезеңінде Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары ғана қамтылды.
Наталья Мұхамеджанова, білім беру орталығының директоры:
- Бұл жобаның мақсаттарының бірі – әлеуметтік жағдайы әртүрлі отбасылар арасындағы теңсіздікті қысқарту. Мысалы, ауыл мен қаладағы білім деңгейін теңестіру. Курсқа қатысқан балалар ағылшын тілі бойынша білімін бір сатыға көтере алды. Мысалы, А1 деңгейі бар оқушылар А2 деңгейін меңгеріп шықты.
Мұндай мүмкіндіктен оқытушылар да қалыс қалмады. Қос қаладағы 100 шақты маман бір айдың ішінде Натальяның шет тілін үйрету тәсілін меңгерген. Ұстаздар осылайша тәжірибелерін жетілдірген соң, балаларды үйретуге кіріседі.
Гүлнұр Дүйсен, ағылшын тілінің мұғалімі:
- Біз төрт ай бойы оқушыларды оқыттық. Олар ағылшын тілін үйренемін деген қызығушылығы бар, көпбалалы отбасынан шыққан оқушылар болды. Жобаның артықшылығы – ойын форматын қолдана отырып шет тілін үйрету. Бұл тәсілді сабақ балаларға қызық болу үшін, олардың іші пыспас үшін және ағылшын тілін үйрену мақсатын түсіндіру үшін жиі қолданамыз.
Тіл меңгерудің тың тәсілі оқушылар үшін де қызық болған. Антон Кирпиченко тегін курстың арқасында білімін арттырып, алғаш рет шет елге де барып қайтқан.
Антон Кирпиченко, оқушы:
- Мектепте ағылшын тілін арнайы курстағыдай тереңдетіп үйретпейді. Бұл жерде бізге мақсат қойғызып, сол мақсатқа жеткізді. Тілді меңгерудің түрлі тәсілін көрсетті, тәжірибе де көп болды. Курсты жақсы оқығаным үшін Лондонға екі аптаға жолдама ұтып алдым. Осы курстың арқасында тұңғыш рет ұшаққа мініп, шетел көрдім.
Қайырымдылық жобаны ұйымдастырушылар сабаққа еліміздегі танымал тұлғаларды да шақырған. Өнер адамдары, спортшы және журналистермен кездесу оқушылардың жігерін арттыра түскен.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов, Кенже Амраев