Ақтөбелік диқандар астықтың жергілікті тұқымдарынан ада қалуы мүмкін
Қазірдің өзінде қартоп тұқымын және төрт-түлік азығын сұрыптау бөлімдері жабылған. Ал жоғары оқу орындарын тәмәмдаған бағбандар ғылыми жұмыспен шұғылдануға құлықсыз.
Арпа-бидайды сұрыптау ғылымына бала кезінен қызығушылық танытқан Артем Цыганков болашақ мамандығын 13 жасында таңдаған. Ата жолын қуып, жоғары оқу орнын бітірген соң, Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибе станциясына жұмысқа орналасады. Алайда жас маманның жоспарларын бұл жердегі нәпақа көлемі су сепкендей басқан.
Артем Цыганков, Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибе станциясының кіші ғылыми қызметкері:
- Соңғы рет желтоқсан айында 35 мың теңге жалақы алдым. Бірақ еліміздегі ең төменгі айлық 42 мың 500 теңге болуы тиіс. Бұдан кейін қай уақытта қолымызға қаражаттың түсері белгісіз.
Ғалымдардың жалақысы Білім және ғылым министрлігі ұйымдастыратын түрлі грантқа тікелей тәуелді. Себебі тәжірибе станциясы Ауылшаруашылығы министрлігінің құзырында болғанымен, аталған ведомство тарапынан бөлінетін қаражат тек әкімшілік шығындарды өтеуге жетіп отырған көрінеді. Оның өзі жыл сайын азайып барады. Мәселен, 2016 жылы 70 миллион теңге бөлінсе, былтырға тек 34 миллион берілген.
Ермек Жұмағазин, Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибе станциясы басқармасы төрағасының м.а.:
- Алдағы үш жылға жоспар құрып қойдық. Қазір 70 миллион теңгеге өтініш жолдап отырмыз. Бұл – барлық 4 бөлімге берілетін қаражат. Шамамен жылына 23 миллион теңгеден келеді.
Айлығы шайлығына жетпейтін ғалымдар қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Соңғы 28 жыл бойы егін тұқымын асылдандырумен айналысып жүрген Тимур Шанинов түнде жанар-жағармай станциясында еңбек етеді.
Тимур Шанинов, Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибе станциясының аға ғылыми қызметкері:
- Ширек ғасырдан астам уақыт еңбегімді тастап кете алмаймын. Ұсыныстар да болған. Бірақ біз кетсек, жергілікті тұқымдардың жойылатыны сөзсіз. Ақтөбенің ауа райы мен топырағына жерсініп, сапалы өнім беретін астықтан айырыламыз.
Жас мамандардың қызығушылығын тұрақты жалақыдан бөлек, баспана мен өзге де әлеуметтік мәселелерін шешу арқылы ғана оятуға болады. Себебі ғылымға ден қойған жан ертеңгі күніне сенімді болғанда ғана белгілі нәтижеге қол жеткізеді. Ал жаңа бидай түрін өсіру үшін ондаған жыл қажет.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Бұл жердегі жұмысты автоматтандыруға ешқандай мүмкіндік жоқ. Себебі ғалымдар бидай сабағындағы әрбір дәнді зерттеп, іріктелген, тек сапалыларын ғана топтастырып, келер жылдың егін егу маусымына даярлайды.
Бүгінге дейін Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибе станциясы мамандары арпа-бидайдың 50-ден астам жаңа түрін шығарған. Оның 20-ға жуығы көбейтіліп, диқандарға табысталды. Сондықтан ғалымдар қысылтаяң уақытта кәсіпкерлерден қолдау күтеді. Мол өнім алып отырған шаруа қожалықтары тарапынан роялти төлемдері жасалса, шиеленген қаражат мәселесі мен маман тапшылығы шешімін табуы тиіс.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков