Жезқазғандық 40 отбасы 25 жылдан бері баспанасын жекешелендіре алмай келеді
Олардың барлығы да бір кездері кен өндіруші кәсіпорында еңбек еткен. Пәтерді де сол кезде алыпты. Бұрын жатақхана болған бес қабатты ғимарат компанияға тиесілі болғанымен, жер мемлекет меншігінде екен. Сондықтан жекенің қолына өткізу заңға қайшы. Ал кәсіпорын үйді басыбайлы коммуналдық меншікке берсе, тұрғындарға пәтерлерін босатуға тура келеді. Себебі мемлекет балансына өткен үй ең әуелі кезекте тұрған мұқтаж жандарға үлестірілуі тиіс. «Мәселені шешудің бір ғана жолы – үйді жерімен бірге компанияның қарамағына өткізу», – дейді жергілікті әкімдік өкілдері.
Гүлнар Байқоңырова, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Бұл үйді жекешелендірмейді деп басында бізге айтылса, ендігі үйді алатын едік қой. 23 жылдан бері осы тұрғын үйде тұрамыз. Зейнетке біздің алдымызда шыққан кісілер әлі күнге дейін үйді ала алмай отыр. Үйге қаншама жыл еңбегіміз сіңді, жөндеу жасадық, құбырларын ауыстырдық.