Дәрігерлер індет кезінде анттарына адалдық танытты
Он мыңдаған адам індет жұқтырып, төсеккке таңылды. Олардың 90% жазылып, қатарға қосылды. Бұл ретте медицина саласы қызметкерлерінің атқарған еңбегі орасан.
Олар айлап, үй бетін көрмей аурумен алысты. Өз бастарын қатерге тіксе де, анттарына адалдық танытты. Ел болып жұмылған жүйелі жұмыс жемісін берді. Қазір жағдай біртіндеп қалыпқа түсіп келеді.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының инфекционист-дәрігері Әсия Сейдешова – сол қиын кезде алғы шепте болғандардың бірі. Бастапқыда дәрі-дәрмек пен қажет қондырғылардың кемдігі науқастарды қабылдауға көп қиындық туғызған. Оның үстіне бейтаныс індеттен қорқыныш тағы бар. «ПТР сынама оң нәтиже берді» дегенді естігендер естерінен танып қалған кездер де болыпты. Соған қарамастан қолда бар мүмкіндікті адам жанын арашалуға жұмсаған дәрігерлер қауымы сол қиын күндерді әлі де ұмыта алар емес.
Әсия Сейдешова, Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының инфекционист-дәрігері:
- Біздің ауруханадағы жалпы орын саны 180, бірақ шілде айында, ең қиын кезеңде емханада 215-230-ға дейін науқас жатты. Олардың барлығы дерлік оттегіне тәуелді науқастар болды. Жұмыс уақытымыз 6 сағат болса да, 9-12 сағатқа дейін жұмыс істедік.
Ол кезде облыста бір ғана оттегі стансасы бар еді. Оның өзі перзентханада орналасқан. Қалған емдеу орындары баллон тасымалдаудан қажыды. Ал өкпеге қосымша дем беретін аппарат саны бар болғаны 104 екен. Қазір жағдай түзелді. Атырау облысы бойынша жеті оттегі стансасы, 264 жасанды дем беру аппараты жұмыс істеп тұр. Жұмыс барысында ауру жұқтырған медицина қызметкерлеріне қаржылай қолдау көрсетілген.
Асқан Байдуәлиев, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Ресми статистика бойынша, 1073 медицина қызметкері вирус жұқтырды. Соның ішінде 14 әріптесіміз көз жұмды. Құжаттарын тапсырған 777 медицина қызметкеріне 2 млн теңге көлемінде өтемақы берілді. Ал қайтыс болған әріптестердің туыстарына 10 млн теңгеден төленді.
Осы мақсатқа бюджеттен 3 млрд теңге қаралған. Оның сыртында жергілікті мұнай компанияларының демеушілігімен тағы 300-ден астам дәрігерге үстемақы төленді. Ауыр індеттің ащы сабағын меңгерген жергілікті билік жаңа жобаларды қолға алды. Облыс орталығында 200 төсектік модульді жаңа аурухана салынса, Құрманғазы ауданында 75 орындық аурухана пайдалануға берілді. Тағы бірі Жылыой ауданында бой көтеруде. Осылайша, мұнайлы өңір қатерлі індеттің бетін қайтарып келеді. Қазір бар болғаны 67 науқас ем алып жатыр.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Пандемия кезінде Атырау облысы бойынша 17500 адам қатерлі дертке шалдыққан. Коронавирустың ең дендеген шағы Атырау үшін, шілде айына тұспа-тұс келді. Бір айда 7 мыңнан астам адам ауырса, соның 80% осы Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп шығыпты.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов