Павлодарда мектеп салып жатқан бір топ құрылысшы жалақысынан қағылған
Ашынған тас қалаушылар мен монтажшылар қаңтар айынан бері ақшасыз отыр.
Олардың айтуынша, мердігер ұйым шамамен 6 миллион теңге берешек.
Бірнеше құрылысшы бригада қаңтардан бері жалақы көрмеген. 20-дан астам тас қалаушы еңбекақыларын күтіп әлек. Қаржылық қиындыққа тап болғандардың қатарында монтажшылар да бар.
Құдайберген Шапуов, монтажшы:
- Жаңа жылдан бері жалақымызды дұрыс берген жоқ. 11 кісі жұмыс істегенбіз. Мұнда біз плита қойдық, монтаж істедік. Жалақымызды келіп сұраймыз, «осы жұмада береді», – дегелі екі ай өтті.
Әр тас қалаушының апталық жалақысы – 150 мың теңге. Екі ай ішінде жұмыскерлер алдындағы қарыз алты миллион теңгеден асып кетіпті. Барар жерлері қалмаған жұмысшылар жергілікті билік өкілдеріне шағымданған.
Ренат Абдазиев, тас қалаушы:
- Қалау жұмыстары аяқталуға жақын. Бірақ аяқталған жоқ. Жұмыс берушімен жалақыны апта сайын беру туралы келіскен едік. Алғашқы апталарда айлық уақытында төленіп тұрды. Кейін тоқтап қалды. Барлығымыз Екібастұздан келдік. Осы жерде пәтер жалдап тұрамыз.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Жетекші ауылындағы 300 орындық мектептің құрылысы өткен жылдың қыркүйек айында басталған. Жоспар бойынша осы жылдың жазында аяқталуы тиіс. Қазіргі уақытта бірнеше бригада жұмысқа шығудан бас тартып отыр. Демек, нысан уақытында қолданысқа берілмей қалуы мүмкін.
Жұмыс берушілерді құрылыс орнынан таба алмадық. Құрылыс жұмыстарына Павлодар қаласының әкімдігі тапсырыс берген. Жалақыны субмердігер уақытында төлемеген. Ал мердігер компания ақпан айында 8.5 млн теңгені серіктес ұйымға төлеген. Бұл іске жергілікті еңбек инспекциясы да араласты.
Айнұр Ысқақова, мемлекеттік еңбек инспекторы:
- Жұмыскерлердің қолында еңбек келісімшарты жоқ. Демек, жұмыс берушінің кінәсін дәлелдеу қиын. Субмердігер ұйым жауапкершіліктен бас тартуы мүмкін. Осындай жағдайда құрылысшылыр сотқа жүгіне алады. Еңбек қатынасы куәгерлер, фото, видео жазбалар көмегімен расталуы мүмкін.
Материал әзірленіп жатқанда құрылысшылар жалақының бір бөлігі төленгенін айтты. Ал жұмыс беруші ұйым берешекті екі апта ішінде толық өтеуге уәде берді.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Жеңіс Темірболат