Сапасыз жол тараздықтарды титықтатты
Мамандардың айтуынша, бұл мердігердің жауапсыздығы болса керек. Мәселен, осыдан 2 жыл бұрын Қойгелді көшесіндегі жылу құбыры жөнделген. Содан кейін жол жабындысы әр жерден ғана жамалған. Бірақ жол мамандары асфальттың жоба бойынша салынбағанын және сапасыз материал қолданылғанын анықтапты. Алайда бұл ескертуді жауаптылар елемеген де екен.
Қадыржан Мырзаев, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Жамбыл облысы бойынша инженері:
- Мердігер біздің ескертулерімізді ескерместен аталған материалдарды пайдаланды. Енді нәтижесін көріп тұрмыз. Жол бұзылып жатыр, кейбір жерлеріне тіпті асфальт төселмеген. Бұл іс сотта қаралуда.
Көшеней мен Сыпатай батыр көшелерінің де күйі мәз емес. Бірінде мердігер жұмысты аяқсыз қалдырса, енді бірінде асфальттің астыңғы қабатын нығайту жұмыстары өз деңгейінде жүрмеген. Соның салдарынан ойықтар пайда болыпты. Аталған кемшіліктер сот талқылануында екен. Өткен жылы осындай олқылықтар үшін коммуналдық қызметтер мен мердігерлерге айыппұл да салынған.
Дәурен Омаров, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:
- 70-ке жуық құқықбұзушылық анықталды. Оның басым көпшілігі – коммуналдық қызметтер және азаматтардың жол жабындыларын бұзу деректері. Оған байланысты 5 млн-ға жуық әкімшілік айыппұл салынды.
«Жұмыртқадан жүн қырыққан мердігерлер құрамы күдікті битумды пайдаланады. Ал минералды ұнтақты мүлдем қоспайды», – дейді мамандар. Өткен жылы осындай жергілікті және облыстық маңызы бар автожолдарда 400-дей тексеріс жүргізілген.
Серік Қолжанов, лаборант:
- Жергілікті маңызы бар автожолдар және қала көше желісіндегі 249 нысан тексерілді. Осы автомобиль жолдарының 974-інен жол құрылыс материалы алынып, оларға сынама жасалынды. 85 данасы нормативке байланысты сәйкес келмейді. Автомобиль жолдарының ақауына 30 ескерту берілді. Оның 21-і жойылды.
Көше тұйықтарының жағдайына да тұрғындардың көңілі толмай отыр. «Ондаған көше батпаққа батып барады», – дейді олар.
Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы тозығы жеткен жолдарды жөндеуге бюджеттік өтінім берілгенін хабарлады. Оны бекіткеннен кейін қандай көшелер жөнделетіні белгілі болмақ.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Анастасия Сулейманова, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатілла