Көрнекті жазушы Герольд Бельгерге ескерткіш орнатылды
Саналы ғұмырын қазақ әдебеиетінің дамуына арнаған Герағаның мүсіні Жамбыл мен Шоқан Уәлиханов көшелері қиылысындағы аллеяға орнатылды.
Ескерткіштің ашылуына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хат жолдады. Шараға елімізге танымал ақын, жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ескерткіштің дәл осы аллеяда орнатылуы тегін емес. Гераға Ғылым академиясынан шыққан соң осында серуендейтін. Үйі де бұл жерге алыс емес. Мына орындықтарға отырып талайлармен сұқбат құрған. Енді өзі аса құрмет тұтқан Шоқан ескерткішінің маңында қола мүсіні пайда болды.
Раиса Хисматуллина, Герольд Бельгердің жары:
- Оның тура Шоқан ескерткішінің жанында орындығы болған. Күндегі әдеті сол жерге келіп, ескерткішке қарап отыратын, ұзақ ойланатын. Неге екенін білмеймін. Осы маңды жақсы көретін. Ал ескерткіш тамаша шыққан. Сәулетші Герольд Карловичтің мінез-құлқын, ішкі жан дүниесін, түр-келбетін айнытпай бере алған.
Бельгер Гетенің ұлтынан болғанмен, Абайдың жұртынан еді. Ол жеті жасында жерін басқан қазақ еліне деген перзенттік махаббатынан өмір бойы айнымады. Істеген ісімен де, айтқан сөзімен де, жазған жауһар шығармаларымен де, азаматтық ұстанымымен де ең соңына дейін айнымады.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Герольд Бельгер өскен еліміздің солтүстік аймағын ежелгі қазақтармен бірге мекен еткен орыс, неміс, поляк және басқа да ұлт өкілдері жер иесі қазақтардың пейілі мен мейіріне әрдайым ризашылық білдіріп, қиындықты бірге еңсеріп келе жатқаны тарихтан белгілі. Сондықтан болар, халқымыздың жоғарғы рухани қасиеттеріне тәнті болған олар түрі басқа болса да, тілегі бір, жүзі басқа болса да, жүрегі бір бауырлас жұртқа айналды.
Ескерткіш орнату, әрине, оңай шаруа емес. Белгілі кинорежиссер Ермек Тұрсынов Бельгердің өкіл баласындай болды. Осы істі бастап, аяғына дейін жеткізген де өзі. Сәулетшісі – Нұрлан Далбай. Ескерткіштің қойылуына демеушілер атсалысып, Мәдениет және спорт министрлігі, қала әкімдігі қолдау білдірді.
Ермек Тұрсынов, кинорежиссер:
- Ол кісі өте кішіпейіл әрі қарапайым болатын. Осындай нәрселерді жақтырмайтын. Бұл ескерткіш ол кісіге емес, біздерге керек деп ойлаймын. Герағаң қайта елге оралды. Арамызда қалды.
Герольд Бельгер неміс, қазақ, орыс тілдерінде 76 кітап жазған, 2000-ға жуық мақала жарияланған дарынды қаламгер еді.
Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы:
- Келеңсіз дүниелерді бетің бар, жүзің бар демей, ашық айтқан адам. Онымен жақпаған да кездері болған шығар. Дегенмен қазаққа қазақтан бетер жаны ашыған адам. Екі ұлы ақын Абай мен Гетеның үндестігін бүкіл философиялық аспектілер арқылы қарастырып, зерттеп, неміс, орыс халықтарына Абайдың ұлылығын танытқан мұндай еңбектері өлшеусіз.
Герольд Бельгердің өмірден өткеніне биыл – 6 жыл. Қазақта «тау алыстаған сайын биік көрінеді» деген сөз бар. Бірақ Герағаң – алыстамайтын, сол баяғы биігімен қашанда қасымызда тұратын дара тұлға.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Нұрдәулет Жақсыбаев