83 жастағы қария Кеңес Одағынан бастап автоөнеркәсіп өнімдерін жинаған
Дені - Кеңес Одағы тұсында шығарылған көліктердің, ойын баласына арналған нұсқалары. Олардың арасында соғыс техникаларының кішігірім үлгілері де бар. Ақсақал әр машинаның шығу тарихын да жатқа біледі екен. Дыбыстық қыстырма – «Москвичтің» ең соңғы үлгісі. Бұл үлгідегісі мүлдем шығарылмайтын. Тек санаулы данада коллекционерлерге арнайы шығарылған.
Валентин атай биыл 83 жасқа толды. Жастық шағында әр еңбек демалысын көлікпен ел аралап өткізген екен. Айтуынша, Ақтаудан Мурманскіге дейін барыпты. «Жолда міндетті түрде дүкенге соғып, коллекция жинаушыларға арналған ойыншық машиналарды сатып алатынмын. Ол кезде біреуінің құны 3 мың рубль тұрушы еді. Осылайша жиған «байлығымның» жалпы құны 5 млн теңгеге жетті», – дейді ол.
Валентин Гура, қала тұрғыны:
- Зис-110, Зис-101 және Зис-110 үлгідегі жүк көлігінің ойыншық нұсқалары қазір таптырмайды. Көп үйдің ауласында қаңтарылып тұрған Газ-69 машинасы да бұрын үлкен сұранысқа ие болды. Жалпы Қазақстан аймақтарында, соның ішінде жас қала Ақтаудың құрылысында жүк тасуға кеңінен қолданылды. Өкінішке орай бұл көліктерді бүгінгі ұрпақ біле бермейді.
Зейнеткер ұзақ жылдар автомеханик болып жұмыс істеген. Бакуден жолдамамен келген жас жігіт Шевченкода, қазіргі Ақтау қаласында тұрақтап қалады. Жар сүйіп, бала өсіреді. Сүйікті кәсібі - ойыншық машиналарды жинау. Үй жағдайындағы мұражайда тұрған 600-ден астам жәдігердің 150-і мотоцикл.
Валентин Гура, қала тұрғыны:
- Маған айрықша ұнайтын машиналардың бірі - «Победа». Бұл нұсқа бастан-аяқ қолдан құрастырылған. Есіктері ашылып-жабылады. Тіптен терезелерін де түсіруге болады. Бұрын қосалқы бөлшектер мен құрастыру тәсілдері көрсетілген журналдар болатын. Соларға сүйене отырып, 2 жылда құрап шығардым.
Бұл мұражайда 1950-1960 жылдары шығарылған газдалған сусындардың бөтелкелері де тұр. Басы бүтін пластмассадан құйылған ұшақтар, темір танктер мен түрлі төсбелгілерді барлық бөлмеден көруге болады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Дослаиев