Өскемендіктерді картоп тапшылығы алаңдатып отыр
Қалада тұрақтандыру қоры арқылы сатылатын картоп тапшылығы бар. Көкөністің бұл түрі арнайы дүңіршектерде саудаланады. Сондықтан нарықтағыдан бағасы арзан.
Алайда ақпан айынан бастап әлеуметтік дүкендердегі картоп азая бастаса, соңғы бірнеше күнде жоқтың қасы. Ал тұрақтандыру қорының жұмысын үйлестіруге жауапты өңірлік әлеуметтік кәсіперлік корпорациясының басшылығы картоп тапшылығын сұраныстың күрт өсуімен байланыстырып отыр.
Аймақтағы тұрақтандыру қорына көкөніс жылда жиналады. Былтыр 5700 тонна өнім қоймаға жеткізіліп, қараша айынан бастап саудаға шығарылған. Ол үшін тек Өскеменнің өзінде 82 дүңгіршек ашқан. Бағасы да арзан. Алайда ақпан айынан бастап осы әлеуметтік бағада сатылатын картопқа тапшылық байқала бастады. Ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланған басқа кәсіпкерлер бағаны бірден аспандатып жіберген.
Әкелінген тауардың таразыға түсер-түспестен сатылып кететінін әлеуметтік дүкеннің сатушылары да растап отыр. Бірақ қоймада картоптың жеткілікті екенін біледі. Ал сатуға неліктен көптеп шығарылмайтынына аң-таң.
Дарья Анекина, көкөніс дүкенінің сатушысы:
- Біз бұрын күн сайын 10 қап тапсырыс беретінбіз. Оның өзі түске дейін жететін. Ал қазір екі қап қана әкеледі. Ол сол бетте сатылып кетеді. Қоймада бар дейді, бірақ бізге келмейді.
Неге келмейтінін өңірлік әлеуметтік кәсіпкерлік корпорциясының төрағасы Өскеменде тұрақтандыру қорындағы көкөністі саудалайтын әлеуметтік дүңгіршектердің көбеюімен байланыстырады.
Эльдар Тұмашинов, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы:
- Бізде қаланың әкімшілігі тарапынан меморандум деген бар. Олардың саны 66. Ол біздің қалаға көп болып тұр. Сол үшін картопты бөлген кезде барлығына жетпей жатыр. Біз оны көбейтеміз.
Қазір қалалық кәсіпкерлік басқармасы арқылы меморандумға қол қойған кәсіпкерлер картоптың келісін 90-92 теңгеден саудалайды. Ал тұрақтандыру қорының дүңгіршектеріндегі шектік мөлшер – 82 теңге. Қоймасындағы қоры азайғандықтан халықтың арзан өнімге сұранысы жаппай артқан. Атқарушы билік сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин