Қызылордада күріштің жаңа «Айсара» деп аталатын сұрыпы шығарылды
Бұл дақыл түрі әлемдік сапа талаптарына толық жауап береді. Селекционерлер жаңа сұрыптың болашағы зор болатынын сеніммен айтып отыр. Дәні ұзын әрі көлемді. Шынылығы – 100%. Ақуызға бай. «Айсара» сорты күріш тұқымы шаруашылығындағы таңғажайып жаңалық болып отыр. Мұндай сорттар тропикалық және субтропикалық аймақтарда ғана өседі. Ал Сыр өңірі секілді күрт континентальды өлкелерде тамыр байламайды екен. Өңір табиғатына қолайлы жаңа сұрыпты шығару үшін ғалымдар 17 жыл уақыт жұмсаған. Мұндай сапаға ие күріш жергілікті тұқымдармен салыстырғанда халықаралық нарықта 4 есе қымбат тұрады екен. Суармалы суды да аз қажет етеді. Шамамен әр гектардан 80 центнерден өнім алуға болады. Биыл осы «Айсара» күрішінің тұқым қоры молайтылады. «Содан кейін облыс көлемінде жаппай егу жоспарланып отыр», – дейді ғалымдар.
Александр Подольских, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:
- Біз халықаралық күріш институтының ең дамыған күріш егетін елдерінен "индика" тұқымына жататын ең жақсы сұрып үлгілерін таңдап алып, будандастыру жұмыстарын жүргіздік. Бастапқыда нәтиже болмады. Бірақ біз ізденісті жалғастыра бердік. Еңбегіміз зая кетпеді. Климаты қатаң өңірге бейімделген өсімдіктер шыға бастады. Бұл әлемдік деңгейдегі ғылыми жаңалық болары сөзсіз.