1 сәуірден бастап бірқатар жаңашылдық пен заң күшіне енеді
Мәселен, зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер тағайындау жеңілдетіледі. Сондай-ақ мектептер бірінші сынып оқушыларының құжаттарын қабылдауды бастады.
Сіз қашан және қайда болсаңыз да, халыққа қызмет көрсету орталығы бар кез келген жерде бүгіннен бастап зейнетке шығу және әлеуметтік төлемдерді тағайындауға өтініш қалдыра аласыз. Тиісті құжаттарды да сонда тапсыруыңызға болады. Жиі қоныс ауыстыратын немесе жол жүретіндер үшін бұл игі өзгеріс болғалы тұр.
Статистика бойынша елімізде ай сайын 10 мыңға тарта адам зейнетке шығады. Әлеуметтік төлемге құжат тапсырушылар – 90 мың. Екеуінің жылдық қорытындысы бір миллионнан асады.
Сондай-ақ бірінші сәуірден бастап мектептерде алдағы оқу жылында 1-сыныпқа баратын балалардың құжаттарын қабылдау басталды. Мұндай шешім сыныптарды жинақтап, оқулықтарды алдын-ала әзірлеу, педагогтар құрамын анықтау және сағат санын бөлу үшін жасалынған. Ал келесі жаңалығымыз – керісінше бірінші сәуірде мерзімі аяқталған шаралар туралы. Бұл жерде 2020 жылы көлік салығын төлеу жайлы айтып тұрмыз. Бүгін түнгі 00.00-ге дейін оны жасамағандар енді өсімпұлын қоса төлейді. Осы мәлімет қазір жиі айтылғандықтан болар, соңғы бір аптада көлік иелерінің төлем белсенділігі ерекше артқан.
Олжас Отар, ҚР ҚМ МКК басқарма басшысының орынбасары:
- 216 мың адам өзінің көлік құралдар салығын 4 млрдқа жуық банк қосымшалары арқылы төлеген. Бұл деген қазіргі уақытта төлемдерді банк қосымшалары арқылы, ұялы телефон арқылы төлеу жұмысының даму дәрежесін көрсетеді.
Шынында да, қазір отандастарымыз онлайн түрде атқарылатын шаруаны кеңінен меңгеруде. Мәселен, салықтың 90% электронды түрде төленген.