Алматының таулы бөктеріндегі он отбасы заңсыз құрылыстың құрбаны болып отыр
Өйткені үйдің түбінен жаңа нысанның құрылысы басталып, жұрттың үрейін ұшырды. Тұрғындардың айтуынша, құрылыс 2020 жылдың күзінде басталған. Жарды бекіту, бетондау жұмыстары жүргізілмеген. Тұрғындар мән-жайды анықтау үшін жергілікті билікке сұрау салған. Әкімдік өкілдері құрылыс компаниясының үй салуға рұқсат алмағанын айтқан.
Заңгерлердің айтуынша, жердің қисықтығы 15 градустан асса, нысан тұрғызуға болмайды. Он отбасының өміріне қауіп төндірген жырадағы құрылыстан жергілікті әкімдік хабардар. Мамандар: «Тексеру жұмыстарын бастауға дайынбыз», - дейді. Тек прокуратураның рұқсатын күтіп отырған көрінеді.
Медет Рабаев, Қала құрылысын бақылау басқармасының бас маманы:
- Осы арызды қарау барысында құрылыс салушы компаниядан құрылыс жұмыстары жүргізілетіні жөнінде хабарлама тіркелмегені анықталды. Осыған байланысты басқармамен жоспардан тыс тексеріс тағайындау туралы акт ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқармасына тіркеуге жолданды. Акт тіркелген жағдайда, тексеріс жұмыстарын жүргіземіз.