Қостанайда көктемгі егін жұмыстарына дайындық басталды
Олар биыл 80 мың тоннаға жуық сапалы тұқымды саудаға шығарған. Соның басым бөлігі өткізілді. Қостанайлық селекционерлер шығарған бидайдың жаңа түрлеріне сұраныс жоғары. Тіпті ресейлік шаруалар да қызығушылық білдіріп отыр. Алайда отандық астық тұқымын экспортқа өткізудің өз қиындығы бар.
Қолдағы тұқым қорының сынамалары міндетті түрде астықтың сапасын анықтайтын зертханада тексерістен өтеді. Тазалығы мен ылғалдылығына қарай, арнайы камерада әр дәннің қалай көктеп, түптенуіне байланысты үш сұрыпқа жіктеледі. Қостанай облысы бойынша осы күнге дейін көктемгі егіске қажет 530 мың тонна тұқымның 92% зертханалық сынақтан өткен.
Айсұлу Қаленова, Мемлекеттік астық және тұқым инспекциясының бас маманы:
- Облыстағы зертханаларға 398 мың тонна тұқымның сынамасы келіп түсті. Соның 80% бірінші сұрыпқа жатқызылды. Өткен жылдармен салыстырғанда тұқым сапасы біршама жоғары. Ал өністі тұқым – берекелі өнімнің бірден бір кепілі.
Жоғары сапалы астық тұқымын өндіретін тәжірибелі станциялардың бірі Қарабалық ауданында орналасқан. Мұнда екі-үш жылдан бері сорт алмастыру бағытында кешенді шаралар атқарылып келеді. Биыл бұл шаруашылықта егістік алқабының 75% жаңа тұқым түрлері себілмек. «Отандық бидай сорты өнімділігі, сапасы жағынан өзгелерден біршама жоғары және құрғақшылыққа, түрлі ауруға төзімді», - дейді мұндағы мамандар.
Дәмір Қалдыбаев, Ауылшаруашылық тәжірибелі станциясының директоры:
- Жаңадан шығарылған сапалы тұқым түрлеріне жыл сайын сұраныс артып келеді. Шындығын айтсақ, тұтынушылардың тапсырысын орындап үлгіре алмай жатамыз. Сондықтан өз өнімдерімізді белсенді түрде басқа тұқым шаруашылықтарына өткізіп жатырмыз. Олар Қазақстан бойынша таратады.
Ресейлік егіншілер де қазақстандық астық сортына қызығушылық танытып отыр. Іргедегі Челябі, Қорған, Омбы шаруалары там-тұмдап алып тұрады екен. Үлкен көлемге шамалары жетпейді. Себебі көрші елде шеттен әкелінген тұқымға субсидия берілмейді. Сөйтіп олар өз өндірушілерін қорғап отыр.
Дәмір Қалдыбаев, Ауылшаруашылық тәжірибелі станциясының директоры:
- Соңғы мәліметтер бойынша, Ресейде жұмсақ бидай тұқымының 95% өздерінде шығарылған. 5% ғана сырттан әкелінеді. Олар өз нарығын мықтап қорғайды. Ал біз олай мақтана алмаймыз. Қазақстанда себілетін тұқымның 50-60% отандық селекция болса, соған қуанамыз.
Бұл бір жағынан еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты. Сондықтан да қостанайлық селекционерлер осы мәселеге жоғары жақтың назарын аударуға тырысып жүр. Олардың бір ғана өтініші бар. Елімізде барлық тұқым түрін мемлекеттік сынақтан өткізу керек. «Сонда ғана шаруалар да шатаспай, қандай тұқым түрі тиімді екенін біліп отырады», - дейді мамандар.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг